ШҚО құтқарушылары судағы қауіпсіздік ережелерін тағы бір мәрте ескертті
Шығыс Қазақстан облысында шомылу маусымы басталғалы судағы қауіпсіздік мәселесі басты назарда. Бұл туралы ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) құтқарушылары бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Құтқарушылардың айтуынша, облыстағы 25 шомылу орнының тек 8-і ғана су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталған. Ал қалған 17 жағажай (оның ішінде Алтай, Риддер, Үлкен Нарын, Самар, Ұлан, Зайсан аудандарының жағажайлары) талаптарға сай емес және тиісті жабдықтармен қамтылмаған.
Облыстық мәслихат сессиясының шешімімен шомылуға тыйым салынған 74 орын және шағын көлемді кемелерде жүзуге тыйым салынған 29 орын анықталған.
Қазір ШҚО-да 4 стационарлық және 1 мобильді құтқару бекеті жұмыс істеп тұр. Олар келесі орындарда орналасқан: Өскемен қаласы, «Самал» паркі аумағы; Өскемен қаласы, «Көгілдір көлдер» этнопаркі; Күршім ауданы, Күршім ауылы; Алтай ауданы, «Көгілдір бұғаз»; Самар ауданы, Новостройка ауылы, Мұнай базасы учаскесі (мобильді бекет).
Құтқарушылар, полиция, жергілікті билік және еріктілер күнделікті су айдындарын патрульдеуде. Рейдтер барысында демалушыларға қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар таратылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін 1000-нан астам рейдтік шара өткізілген.
Осы уақытқа дейін суға шомылу кезінде 4 адам көз жұмды, оның ішінде 2 жасөспірім. Сонымен қатар 13 адам құтқарылды, оның 6-ы — бала. Құтқарылғандардың 4-і жабдықталған орындарда, ал 9-ы (оның ішінде 6 бала) жабдықталмаған жағажайларда болған.
Су айдындарында қауіпсіздік талаптарын бұзған 32 адам ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабы бойынша жауапқа тартылды. Олардың 5-еуі – балаларын қараусыз қалдырған ата-аналар.
Брифинг барысында ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері жәбірленушіге алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша мастер-класс өткізді. Бұл шараның мақсаты – төтенше жағдай кезінде әрбір адамның дұрыс әрекет ете алуын қамтамасыз ету.
Құтқарушылар ескертеді:
-
Тек жабдықталған жағажайларда шомылыңыз
-
Алкоголь ішіп, суға түсуге болмайды
-
Қайық, катамаран, скутер сияқты құралдарды тек ережеге сай пайдаланыңыз
-
Міндетті түрде құтқару кеудешесін киіңіз
-
Кемелерден, қайықтардан секіруге болмайды
-
Жүзу құралдарын артық жүктемеуге тиіссіз
Есте сақтаңыз: Су – қателікті кешірмейді!
Кез келген төтенше жағдай кезінде 112 нөміріне қоңырау шалыңыз.
Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі




