KZ
Өскемен
-4°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, В
508.3 592.17 6.63

2026 жылдан бастап салық қалай өзгереді? ШҚО-да жаңа Салық кодексі түсіндірілді

4.08.2025, 17:15 457 Төлеуғазы Жансая

Өскеменде Қазақстанның жаңадан қабылданған Салық кодексін түсіндіруге арналған арнайы семинар өтті. Жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, кәсіпкерлер, бухгалтерлер мен заңгерлер қатысты. Негізгі мақсат – 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа ережелерді салық төлеушілерге қарапайым тілмен түсіндіру, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бұл – соңғы жылдардағы салық жүйесіндегі ең ауқымды өзгерістердің бірі. Жаңа кодекске Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың 18 шілдесінде қол қойған болатын. Құжат еліміздегі салықтың барлық түрін қамтиды.

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жаныбек Нұржанов өзгерістердің мәнін түсіндіріп берді. Айтуынша, басты мақсат – салық жүйесін жаңартып, әділетті етіп, есеп беруді жеңілдету.

Негізгі өзгерістер қандай?

– Қосылған құн салығы (ҚҚС) – 2026 жылдан бастап негізгі мөлшерлеме 12%-дан 16%-ға өседі. Тіркеу шегі 10 000 АЕК-ке дейін төмендейді (шамамен 39,3 млн теңге). Бірақ медициналық қызметтер, сирек аурулар, археология, кітап басу секілді салалар үшін жеңілдіктер сақталады. Газет-журналдарға 10% мөлшерлеме қолданылады.

– Жеке табыс салығы (ЖТС) – енді табысы жоғары азаматтар көбірек салық төлейді. Мысалы, жылдық табысы 34 млн теңгеден асатындар үшін ставка 15% болады. Зейнетақы қорынан төленетін зейнетақылар салықтан босатылады. Мүгедектігі бар азаматтар үшін шегерім көлемі 5000 АЕК-ке дейін ұлғаяды.

– Корпоративтік табыс салығы (КТС) – жалпы ставка 20% күйінде қалады. Бірақ банктер мен ойын бизнесі үшін – 25%, әлеуметтік саладағылар үшін – 2026 жылы 5%, 2027 жылы 10% болады. Ауыл шаруашылығы саласындағылар үшін – 3%.

– Ретсіз шығындарға салық (яғни, сән-салтанат салығы) – құны 75 млн теңгеден асатын көліктер, яхта мен ұшаққа – 10%, ал бағасы 450 млн теңгеден жоғары тұрғын үйге – 2%.

– Жеңілдетілген салық режимдері – үш-ақ түрі қалады: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, шағын бизнес (B2C), және фермерлерге арналған.

Салықты төлеу де жеңілдейді

– Құжат тапсыру көлемі 30% азаяды;
– Камералдық бақылау ескертумен ғана шектеледі;
– Шағын қарыз үшін бизнес шоттары бұғатталмайды;
– Салықты кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүмкіндігі болады.

Тағы қандай өзгерістер бар?

– Жалпы жер салығы жойылады;
– 10 жылдан асқан көліктерге салынатын салық азаяды;
– Инвесторларға жаңа жеңілдіктер беріледі;
– Ел ішінде сатылған сән-салтанат тауарларына акциз салығы салынады;
– Мемлекеттік бағалы қағаздардан түскен табыс бұрынғыша салықтан босатылады;
– Фермерлерге тегін берілген мүлікке салық салынбайды.

Семинар соңында қатысушылар жаңа салық саясатына бейімделу үшін уақыт пен нақты түсіндіру қажет екенін айтты. Мемлекеттік органдар өкілдері бұған көмектесетінін және өтпелі кезеңде әдістемелік, кеңестік қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Жайна Сыранова

Фото: Александр Шушеньков

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу