KZ
Өскемен
-7°
небольшая облачность жел 1 м/с, С
522.19 606.42 6.47

Шығыста аю көбейіп кеткен: биылғы квота артты

pexels.com

7.08.2025, 09:00 247 Жанаргүл Көкенайқызы

Соңғы бес жылда Шығыс Қазақстандағы аң-құстардың ішінде қоңыр аю көбейіп, керісінше қырғауыл мен кекілік азайып кеткені байқалады. Мысалы, 2020 жылы 2673 қоңыр аю тіркелсе, 2024 жылы олардың саны 3113-ке жеткен. Ал кекіліктің саны 2020 жылы 4000-ға жуық болса, былтыр небәрі 244-і ғана қалған. Қырғауыл да күрт азайған: 2020 жылы 1324 болса, 2024 жылы бар болғаны 223. Қаз бен үйрек саны да екі есеге дейін төмендеген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

2024 жылы облыс бойынша 166 қоңыр аюды атуға рұқсат (квота) берілген. Оның ішінде 51 – резервтік қорға, 115 – бекітілген аумақтарға тиесілі. Бірақ солардың тек 43-і ғана ауланған. Биыл аю саны артқан соң, квота көлемі де көбейіп, аңшыларға 182 аюды атуға рұқсат берілді.

— «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» ҚР Заңының 45-бабына сәйкес, жануарлар түрлерінің санын реттеу биологиялық негіздемеге сай жүргізіледі, — дейді ШҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Қарлығаш Нығыметоллаева.

Оның айтуынша, 2025 жылғы Салық кодексінің 629-бабына сәйкес, жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін төлем мөлшері сол кездегі АЕК көлеміне байланысты есептеледі. Қоңыр аюды ату құны – 14 АЕК. Биыл АЕК 3932 теңгені құрайды. Яғни бір аю үшін 55 048 теңге төленуі тиіс.

— Аңшылық шаруашылықтар осы соманы мемлекеттік бюджетке төлеп, содан кейін өз ішкі бағаларын белгілейді. Яғни аңшы үшін баға бұдан да жоғары болуы мүмкін, — дейді маман.

Шығыс Қазақстан – флорасы мен фаунасы бай, табиғаты алуан түрлі аймақ. Мұнда Қазақстандық Алтай, Сауыр-Тарбағатай тауы, Зайсан ойпаты секілді ерекше өңірлер бар. Аймақ Сібірдің салқыны мен Орталық Азияның ыстығы түйісетін, шөл мен орман, қарлы шыңдар мен жазықтар қатар кездесетін табиғи аймақ саналады.

Облыста сүтқоректілердің – 94, құстардың – 335, бауырымен жорғалаушылардың – 12, қосмекенділердің – 3 түрі мекендейді. Оның 57-сі Қызыл кітапқа енген. Атап айтқанда: таймень мен нельма балықтары, данатин құрбақасы, Зайсан дөңгелек басы, орта азиялық және жолақты жылан, сүтқоректілердің 12, құстардың 38 түрі ерекше қорғауға алынған.

— Жыл сайын аңшылық шаруашылықтар жабайы жануарлар санына есеп жүргізеді. Бұл жұмыс Орман шаруашылығы комитетінің №191 бұйрығы мен арнайы нұсқаулыққа сәйкес атқарылады. Есеп нәтижелері жыл сайын талданып, жануарлар санының табиғи ауытқуы ескеріліп отырады. Жалпы, облыстағы жануарлар саны тұрақты, — дейді Қарлығаш Нығыметоллаева.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу