«Мектепке жол» акциясы басталды: мыңдаған оқушыға көмек көрсетіледі
1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында елімізде дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өтуде. Игі бастама әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан балаларды жаңа оқу жылына дайындауға бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шараның басты мақсаты – көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың, сондай-ақ ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың мектепке толық баруын қамтамасыз ету. Акция аясында мектеп формасы, аяқ киім және кеңсе тауарларын сатып алуға көмек көрсетілуде.
Шығыс Қазақстан облысында биыл 98 мыңнан астам оқушы мектепке барады. Олардың 20 мыңнан астамы «Всеобуч» бағдарламасы бойынша қолдауға ие болады. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 7,2 миллиард теңге бөлінсе, соның ішінде 948,5 миллион теңгесі – мектеп формасы мен аяқ киімге арналған. Бұл туралы ШҚО білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанғазы Әліпбаев хабарлады.
2024 жылы өңір меценаттарының көмегімен 3 100-ден астам оқушыға 37,9 миллион теңгеден астам материалдық көмек көрсетілді. Биыл 600-ден астам демеуші тартылып, 4 000-нан астам балаға қолдау көрсету жоспарланып отыр.
Акция аясында мектепке бармай жүрген балаларды анықтау мақсатында рейдтік жұмыстар да қолға алынған. Бұл бағыттағы жұмыс 30 қыркүйекке дейін жалғасады.
Қайырымдылық шарасына қатысты сұрақтар бойынша тұрғындар ШҚО білім басқармасының сенім телефонына хабарласа алады: 70-18-28.
Сонымен қатар, жыл сайын акцияға «Dauletten» қайырымдылық қоры да қатысып келеді. Қордың «Ауылдағы ағайынның балаларына» жобасы шалғай елді мекендердегі бастауыш сынып оқушыларына көмек көрсетуді мақсат етеді.
Жаңа оқу жылына дайындық барысында балаларға қолдау көрсету жұмысы жалғаса бермек.

