Қазақстанда мал саны өсіп, шаруаларға қолдау күшейді
gov.kz
Биыл жарты жыл ішінде елде ірі қара да, ұсақ мал да, жылқы да көбейіп келеді. Бұл – ауыл шаруашылығының тұрақты жұмыс істеп жатқанын және өнімділіктің артқанын көрсетеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР АШМ сілтеме жасап.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, қазір елімізде ірі қара саны 8,8 миллионға жетті, оның ішінде сиыр – 4,5 миллион. Бұзау саны да артып, биыл 2,7 миллион бұзау алынған. Ұсақ мал – 21,5 миллион, ал қозы саны 7,6 миллионға жетті. Жылқы да көбейіп, 4,7 миллион басқа жетіп отыр.
Қаңтар-маусым аралығында елде 529,9 мың тонна ет өндірілді. Соның ішінде сиыр еті – 182,3 мың тонна, қой еті – 56,4 мың тонна, жылқы еті – 69,3 мың тонна.
Бағаның өсуі жем-шөп, жанар-жағармай, электр мен коммуналдық қызметтің қымбаттауымен, сондай-ақ шетелден етке сұраныстың жоғары болуымен байланысты.
Ішкі нарықты қорғау үшін тірі малды шетелге әкетуге уақытша тыйым салынды. Мәселен, қазан айының 10-ына дейін аналық ірі қара мен ұсақ малды, ал бұқаларды 30 қазанға дейін сыртқа шығаруға болмайды.
Ет экспорты да артып келеді. Биыл қаңтар–мамырда сиыр еті экспорты екі еседен көп өсіп, 12,3 мың тонна болды. Қой еті экспорты да 2,6 есе артып, 9,2 мың тоннаға жетті.
Елде 300-ден астам бордақылау алаңы бар, бірақ олардың көбі толық қуатта жұмыс істемейді. Себебі – жас малды сатып алуға қаржының тапшылығы мен банктегі несиенің қымбаттығы.
Осыны ескеріп, Үкімет жеңілдетілген несие беру бағдарламасын іске қосты. Шілденің соңынан бастап бордақылау алаңдары жас мал, жем-шөп және жанар-жағармай алуға 5% мөлшерлемемен несие рәсімдей алады. Бұл үшін 50 млрд теңге бөлінді.
Алдағы уақытта «Ігілік» бағдарламасы арқылы асыл тұқымды мал сатып алуға және тұқым сапасын жақсартуға жылдық 6% несие беріледі.
Бұл шаралар ет өндірісін арттырып, бағаны тұрақтандыруға және халықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге бағытталған.