ШҚО-да жаңа күл үйіндісінің құрылысы аяқталуға жақын
Нысан «Өскемен ЖЭО» ЖШС-не тиесілі. Ол Глубокое ауданында орналасқан. Салынып жатқан №5 күл үйіндісі толуға жақындаған №3 күл үйіндісінің орнына пайдалануға беріледі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Өскемен ЖЭО» ЖШС 1947 жылдан бері жұмыс істейді. Жылу электр станциясының белгіленген қуаты – электр энергиясы бойынша 372,5 МВт, жылу бойынша 859,9 Гкал/сағ. Қалаға жылу беруде станция өз міндетін атқаруда, алайда жабдықтардың тозу деңгейі әлі де жоғары – 60%-дан асады.
Станция басшылығы жыл сайын табиғи жолмен 2%-дан астамға артатын тозу деңгейін тежемек. Соңғы жылдары ЖЭО-ға құйылатын инвестиция көлемі өсті, қаражат жабдықты жаңарту мен жөндеуге бағытталуда. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында станцияны жаңғыртуға 7,5 млрд теңге бөлінді.
Бағдарлама аясында станцияны жаңғыртумен қатар тұтынушылар үшін тариф кезең-кезеңімен өседі. Инвестициялық жоспарға №9 турбинадағы құбырларды ауыстыру, №11 және №12 қазандықтарға баратын бу құбырларын жаңарту, №8, №12 және №13 қазандықтарды күрделі жөндеу, жерасты су құбырларын жаңарту және №5 күл үйіндісін салу сияқты ірі жобалар енген.
Бу құбырларын реконструкциялау – ұзақ мерзімді әрі қымбат жоба. Ол бес жылға жоспарланған және қазір аяқталуға жақын. Ескі магистральдық бу құбырлары 90% тозған. Жаңа магистральдың ұзындығы – 1 162 метр. Одан турбиналар мен қазандықтарға баратын қосымша құбырлар жүргізілген. Жаңа бу құбыры №11 қазандық агрегатына қосылды, келесі кезекте – №12 қазандық. Қазір аспалы тіректер орнатылуда. Қауіпсіз пайдалану үшін жаңа бу құбыры отын беру жүйесін айналып өтетін бағытта төселген.
Реконструкция барысында құбырлардың диаметрі үлкейтілді, себебі болашақта станцияда №16 қазандық салу жоспарланып отыр. Нәтижесінде өткізу қабілеті 1,5 есеге артып, қызмет мерзімі 100 мың сағаттан 200 мың сағатқа дейін ұзарады.
Су құбырларының ұзындығы – 3,5 шақырым. Оларды 2025–2028 жылдар аралығында төрт кезеңмен жөндеу көзделген.
Кешенді шаралар жабдықтың тозу деңгейін 0,25%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Мердігер ұйымдар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. ЖЭО өкілдері жылыту маусымы дер кезінде және ақаусыз басталатынын атап өтті.
Инвестициялық жобаның маңызды бөлігі – №5 күл үйіндісінің құрылысы. Ол №3 күл үйіндісін алмастырады. Нысан Глубокое ауданындағы бұрынғы кірпіш зауытының саз карьерінде бой көтеруде. Құрылыс басталғанға дейін бұл аумақта рұқсатсыз қалдықтар жатқан. Қазір жер асты суларын қорғау үшін геомембрана мен сүзгілік экран төселуде. Салынып жатқан нысанның жалпы аумағы – 20,1 гектар, пайдалы сыйымдылығы – 3,21 млн м³.
Күл үйіндісі 11,5 жыл бойы күл сақтауға есептелген.
Станцияда күл-қожды гидроөңдеу жүйесі қолданылады. Күл-қож пульпасы багерлік сорғы станциясы арқылы құбырмен күл үйіндісіне жеткізіледі. Содан кейін тазартылған су қалқымалы сорғы станциясы арқылы ЖЭО-ға қайтарылады. Қазір күл-қож құбырлары №3 күл үйіндісіне тартылған. Жаңа №5 үйіндіге дейін ұзындығы 3,5 шақырым болатын жаңа құбыр желісі қосылады.
Елизавета Седых
Фото/видео: Александр Шушеньков











