Көпкүндік жарысқа шамамен 100 спортшы қатысты. Олар топтық, шеңберлік және жекелей сайыстарды қоса алғанда күрделілігі әртүрлі 8 кезеңнен өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстанда «Қазақстан оқушысы» атты 55-ші халықаралық көпкүндік веложарыс өз мәресіне жетті.
– Биылғы жарысқа 10 команда қатысты. Оның 9-ы – еліміздің түрлі қала мен облыстарынан, біреуі – Өзбекстан Республикасынан. Барлық бағыттарды спортшылар сәтті еңсеріп, жеңімпаздар анықталды. Веложарыстың Шығыс Қазақстанда өткеніне және қатысушыларды қарсы алғанымызға қуаныштымыз, – деді «Дарын» Шығыс Қазақстан облыстық дарындылықты және қосымша білім беруді дамыту ғылыми-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Күнжан Оразаева.
Өз командаларының намысын қорғағандардың қатарында 100-ге жуық жас спортшы болды.
– Бағыттар өте көркем, бірақ кей жерлері тым қиын болды. Жолдар ыңғайлы, маған бәрі қатты ұнады. Бәсеке жоғары болды, барлық қатысушылар жақсы дайындалып келген, – деді Шымкенттен келген қатысушы Максим Павлов. – Өскемен – керемет қала, айнала таулар. Соңғы топтық кезең көлдердің маңында өтті, ол жақ өте әдемі екен.
Жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Өзбекстан командасы, екінші орынды – Алматыдан, үшінші орынды – Шымкенттен келген спортшылар иеленді. Жеңімпаздар кубоктармен, медальдармен және дипломдармен марапатталды.
– Жарыс өте қызықты өтті. Бәсеке жоғары болды, барлық жігіттер мықты. Бірақ біз де қалыс қалмадық, күрестік. Соңында командалық есепте бірінші орынға ие болдық, – деді Өзбекстаннан келген қатысушы Убайдулло Абрахманов.
Оның айтуынша, кейбір кезеңдер спортшыларға оңайға соқпаған. Алайда қиындықтарға қарамастан, жарыс барысы одан сайын қызықты бола түсті.
– Жекелей жарыс кезінде қатты нөсер болды. Ал кеше өткен кезеңде бірнеше шақырым мүлде жол болмады, жүру ауыр болды, – деп еске алды Убайдулло Абрахманов.
Елизавета Седых
Фото/видео: Жалғас Сақадиев