2027 жылға дейін ауданның барлық елді мекенінде интернет сапасы жақсарады
Марқакөл ауданында интернет мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов аудан халқымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Марқакөл ауданында халықтың 82,4 пайызы интернетке шыға алады. Биыл наурыз айында Шеңгелді мен Игілік ауылдары мобильді интернетке қосылды. Дегенмен, 10 ауылда интернет сапасына қатысты тұрғындардың шағымдары бар. Олардың қатарында Жаңаауыл, Оң жақ Қалжыр, Ұранқай, Қайнарлы, Былғары Табыты, Ақжайлау, Теріскей-Бөкенбай, Балықтыбұлақ, Шағанаты және Күнгей-Бөкенбай ауылдары бар. Бұл елді мекендерде шамамен 1262 адам тұрады. Аталған ауылдардағы мәселе байланыс операторларымен бірлесіп, 2027 жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен шешілмек. Бұған қоса, ауданның 12 мектебінде жоғары жылдамдықты интернет орнату үшін «Starlink» жүйесі пайдаланылуда. Бұл қадам шалғай ауыл оқушылары үшін қашықтықтан білім алу мүмкіндігін кеңейтпек.