Марқакөлде жаңа әлеуметтік жобалар іске асуда
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Марқакөл тұрғындарымен кездесуден соң аудан орталығындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазіргі таңда Марқакөлде су желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.
Дәрігерлік амбулатория ретінде қызмет етіп тұрған медициналық мекеме әзірге Күршім ауданының қарамағында. Нысанды Марқакөлдің иелігіне қайтарып, оған аудандық аурухана мәртебесін беру қажет. Облыс басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде қолға алуды тапсырды.
Биылдан бастап толыққанды іске қосылған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ШҚО бойынша филиалы Марқакөл аудандық бөлімінде азаматтарды қабылдау басталды. Бұрын тастанды тұрған ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне берілген. Жаңа нысанда Қазпошта бөлімшесі де орналасқан.
Сонымен қатар аудан тұрғындарына инватакси қызметін жолға қою үшін арнайы көлік берілді.
Марқакөл ауданында 100-ге жуық мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Оның 40-қа жуығына инватакси қызметі көрсетілетін болады.








