KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
504.49 587.73 6.57

Өскемендік кәсіпкер алаяққа алданып, 23 миллион теңгесінен айырылды

stock.adobe.com

16.09.2025, 09:00 197 Төлеуғазы Жансая

Өскеменде дүкені бар жеке кәсіпкер әйел алаяқтың арбауына түсіп, 23 миллион теңге жоғалтты. Бұл туралы ШҚО Полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Оқиға жаз айларында болған. Дүкенге келген бейтаныс әйел қаржы мәселелерін шешіп, бизнесті дамытуға көмектесетінін айтып, жәбірленушінің сеніміне кірген. Ол жалған бизнес-жоспар көрсетіп, уәдесіне иландыра отырып, екі ай ішінде түрлі сылтаумен кәсіпкерден қомақты қаржы алған.

Айыпталушы несие рәсімдеуге, сондай-ақ қарызға ақша алуға бірнеше рет қолхат жазып берген. Дегенмен тамыз айының соңына дейін қаражатты қайтарамын деген уәдесін орындамаған.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Алаяқтық» бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды.

"Қаржылық мәселелерді шешемін деп уәде ететін бейтаныс адамдарға сенбеңіздер. Бизнеске қатысты кез келген құжатты мұқият тексеріңіздер. Ресми шартсыз ірі көлемде ақша бермеңіздер және үшінші тұлғалардың өтініші бойынша несие рәсімдемеңіздер. Күдікті жағдайларда дереу 102 нөміріне хабарласыңыздар," – делінген ШҚО ПД хабарламасында.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу