KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 1 м/с, С
504.49 587.73 6.57

Өскемендіктер Шемонаиха шаруаларының өнімін тиімді бағамен алды

20.09.2025, 12:45 228 Айна Бакимбаева


Бүгін Өскемендегі «Алтай» көтерме және бөлшек сауда орталығының аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерінің дәстүрлі жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Күзгі маусым шымылдығын Шемонаиха ауданы ашты. Сауда алаңына ауданның зауыттары мен жеке кәсіпкерлері шығарған экологиялық таза өнімдер әкелінді. Жалпы көлемі екі тоннадан асатын өнім қала тұрғындарына ұсынылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жәрмеңкеде рафинадталған күнбағыс майы, биылғы жаңа піскен көкөніс пен жеміс-жидектер, бал, сүт және қышқыл-сүт өнімдері, нан-тоқаш бұйымдары, сондай-ақ қарақұмық, бұршақ, арпа сынды жармалар сатылды. Тұрғындар үй жағдайында дайындалған тұздықтар, тосаптар мен консервілердің түр-түрін де тиімді бағамен сатып алды.

Мұндай жәрмеңкелердің ең басты артықшылығы – азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету және халықты делдалсыз, қолжетімді өніммен қамту. Базар бағасымен салыстырғанда мұнда тауарлар едәуір арзанға ұсынылды.

– Жеткізілген өнімнің жалпы көлемі шамамен екі тонна. Барлық тауарлар шаруалардың биылғы өнімі әрі қолжетімді бағамен сатылып жатыр. Мәселен, базардағы еттің құны 4 500 теңге болса, жәрмеңкеде тұрғындар сиыр, қой, жылқы етін және басқа да ет өнімдерін 3 700–3 800 теңгеден сатып ала алады. Сонымен қатар қазы, шұжық өнімдері де жеткілікті. Біздің басты мақсатымыз – қала тұрғындарын сапалы әрі табиғи өнімдермен арзан бағамен қамтамасыз ету, – деді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Махмутов.

«Вавилон» ауылдық округінің басшысы Айнаш Ожыкенова да өнім бағасының тиімділігін атап өтті: картоп пен қызылшаның келісі – 200 теңге, пияз – 140 теңге, қарақұмық – 220 теңге, бұршақ – 200 теңге, арпа – 150 теңге көлемінде саудаланып жатыр.

Жәрмеңкеге келген өскемендіктердің көңіл күйлері де көтеріңкі болды. Қала тұрғыны Әділ Әлімханов анасының тапсырмасымен ет пен сары май алуға келгенін айтты. 

– Бағаның қолжетімділігі қатты қуантты. Оның үстіне шемонаихалық өнерпаздар концерт қойып, жәрмеңкені нағыз мерекеге айналдырды, – деді тұрғын.

Ал Тараздан келген қала қонақтары Ерлан мен зайыбы осындай бастамалардың маңыздылығын ерекше бағалады.

– Қыркүйек басында осы орталық ашылғанда да келіп едік. Қала тұрғындарына ауыл шаруашылығы өнімдерін делдалсыз, төмен бағамен алуға мүмкіндік берілгеніне өте қуаныштымыз. Орталықтың аумағы кең, сауда жасауға қолайлы, аялдамалар да жақын. Осындай халыққа қолайлы жобалар – құптарлық іс, – деді Ерлан.

Жәрмеңке барысында жергілікті өнерпаздар концерт қойып, келгендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Мұндай шаралар нарықтағы баға саясатын тұрақтандырудың нақты тетігіне айналып отыр. Өйткені делдалсыз сауда жасау арқылы тұтынушылар табиғи өнімді қолжетімді бағамен алса, ауыл шаруашылығы өндірушілері өз өнімін тікелей өткізуге мүмкіндік алады. Бұл – ауыл мен қала арасындағы тиімді әріптестікті нығайтып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды жолы.

Фото: Жібек Нұрахмет

Видео: Евгений Щетников

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу