Үлкен Нарын: инвестиция, инфрақұрылым және жаңа мүмкіндіктер
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Үлкен Нарын ауданының тұрғындарымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары мен алдағы кезеңге арналған басым міндеттерін кеңінен баяндады. Осы аптада өткен кездесу ашық диалог форматында өтіп, тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелер, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, инфрақұрылым, білім, денсаулық сақтау, тұрғын үй, мәдениет пен спорт салаларындағы нақты атқарылған жұмыстар мен жоспарлар кеңінен сөз болды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты жаңа Жолдауын жариялап, ел дамуының алдағы бағытын айқындады. Президент Қазақстанды қысқа мерзім ішінде толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойып, экономиканың барлық саласын жаңғыртуда жасанды интеллектті кеңінен енгізудің маңызын атап өтті.
Бұл стратегиялық бағдар өңірлердегі нақты жұмыстармен ұштасып, атқарушы билік органдарының қызметіне бағыт-бағдар беріп отыр. Шығыс Қазақстан облысында да Президент тапсырмаларына сәйкес әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдету, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Осы тұрғыда Үлкен Нарын ауданында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер облыс әкімі мен тұрғындар арасындағы кездесуде жан-жақты талқыланды.
Экономикалық өсімді қамтамасыз ету мақсатында облыста өңірлік жобалық кеңсе құрылып, барлық қала мен аудан бойынша бес жылдық экономикалық өсу жоспарлары бекітілген, сондай-ақ ауылдық округтер үшін жол карталары әзірленді.
Әрбір қала және аудан әкімімен 2025 жылға арналған KPI-ге қол жеткізу бойынша меморандумдар жасалса, олардың құрамында өңірді дамытуға бағытталған нақты жобалар мен іс-шаралар қарастырылған.
Ауылшаруашылығының әлеуеті: аудан экономикасының берік тірегі
Үлкен Нарын ауданының әлеуметтік-экономикалық болмысын айқындайтын негізгі тіректердің бірі – агроөнеркәсіптік кешен. Аудан экономикасының өзегіне айналған сала облыс экономикасының да 4 пайызын құрап отыр. Табиғи-климаттық ерекшеліктері мен ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылық дәстүрі өңірді егіншілікке бейім, аграрлық әлеуеті жоғары аймақ ретінде танытады.
Ауыл шаруашылығы құрылымында басым бағыт егін шаруашылығында. Жалпы салалық құрылымның 66 пайызы егіншілікке тиесілі болса, мал шаруашылығының үлесі 34 пайызды құрайды. Қазір Үлкен Нарын ауданында 19 мың бас ірі қара мал өсірілуде, бұл облыс көлемінің 4,7 пайызына тең. Сондай-ақ 26,9 мың бас қой мен ешкі (4,4%), 11,5 мың жылқы (4,8%) тіркелген.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі де тұрақты өсіммен сипат тауып отыр. Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша барлық шаруашылық санаттарында 3 мың тоннадан астам ет өндірілді. Бұл облыс көлемінде өндірілген 124,9 мың тоннаның 2,5 пайызына тең. Оның ішінде ауыл шаруашылығы құрылымдарының үлесіне 592,5 тонна ет тиесілі, бұл облыстық көрсеткіштің 1 пайызын құрайды.
Аудан аумағында ірі әрі орта инвестициялық жобалар да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Мәселен, Мало-Нарымка ауылында «Селигер» шаруа қожалығы 200 басқа арналған бордақылау алаңын салуды қолға алды. Жобаның құны 70 млн теңгені құрайды, ал іске қосу мерзімі 2026 жылдың екінші тоқсанына жоспарланған. Бұл нысан пайдалануға берілген жағдайда, ет өндірісінің көлемін ұлғайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті халықтың табысын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысының озық тәжірибесін тарату аясында өңірде ауқымды жобалар іске асырылып жатыр. Биыл облыс бойынша жалпы құны 18,8 млрд теңгені құрайтын 9 жоба жүзеге асырылуда. Соның ішінде Үлкен Нарын ауданына қарасты Солоновка ауылында «Елжас» ЖШС жүзеге асырып жатқан 600 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын жаңғырту және кеңейту жобасы ерекше назар аудартады. Жоба «ӘКК» арқылы 1,2 млрд теңгемен қаржыландырылып, 2026 жылы іске қосылады деп жоспарлануда.
Үлкен Нарын өнеркәсібі
Үлкен Нарын өнеркәсіп саласы аясы жағынан шағын болса да, мазмұны мен бағыты тұрғысынан өңір экономикасының маңызды тіректерінің бірі ретінде қалыптасқан. Аудан өнеркәсібіндегі негізгі үлес өңдеу өнеркәсібінде. Бұл саланың үлесі 37,3 пайызға тең немесе 256,9 млн теңгені қамтиды. Негізгі өндірістік бағыт асфальт-битум қоспасын өндіруге шоғырланған, бұл өз кезегінде ауданның инфрақұрылымдық дамуына тікелей ықпал ететін стратегиялық маңызы бар сала.
Облыс өнеркәсібінің жалпы құрылымында Үлкен Нарын ауданының үлесі небәрі 0,03 пайызды ғана құрағанымен, атаулы көрсеткіш аудан өнеркәсібінің әлеуеті толық ашылды дегенді білдірмейді. Керісінше, өндірістер мен инвестициялық жобаларға жол ашатын, өсімге бейім кеңістік бар екенін аңғартады.
Бүгінде ауданда өңдеу өнеркәсібі саласында бірқатар шағын және орта кәсіпорындар тұрақты жұмыс істеп тұр. Олардың қатарында асфальт-битум қоспасын өндіретін «Элхон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, нан-тоқаш өнімдерін шығаратын «Агажаева К», «Мухаметкаирова С.Б.» және «Ушпаев Ш» жеке кәсіпкерлері, тазартылмаған майлар мен тоң майлар өндіретін «АСВ МАЙ» ЖШС, сондай-ақ ағаш кесу және сүргілеумен айналысатын «Овчинников А.В.» жеке кәсіпкері бар. Бұл кәсіпорындар жергілікті нарықты қажетті өніммен қамтамасыз етіп, ауданға тұрақты жұмыс орындарын ұсынып отыр.
Сонымен қатар Үлкен Нарын ауданы жер қойнауын пайдалану саласында да белгілі бір әлеуетке ие. Аудан аумағында жалпы ауданы 199,9 гектарды қамтитын кең таралған пайдалы қазбалар мен қатты пайдалы қазбаларды өндіру және барлау бойынша 4 жер қойнауын пайдаланушы тіркелген. Оның ішінде құмды қиыршықты қоспа өндіруге арналған екі келісімшарт «Катон-Қарағай ПДУ» ЖШС-не тиесілі болса, қатты пайдалы қазбаларды барлау бойынша «Өрнек Алтын», «Родионов Лог» және «KGOLD» серіктестіктері жұмыс жүргізуде. Бұдан бөлек, алтын іздеушілікке берілген бір лицензия бар. Бұл бағыттар аудан экономикасын әртараптандырудың қосымша мүмкіндіктерін қалыптастырады.
Дегенмен, инвестициялық саясат тұрғысынан алғанда, Үлкен Нарын ауданы үшін шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Биыл облыс бойынша Жалпыұлттық пул аясында жалпы құны 53,2 млрд теңгені құрайтын 8 ірі инвестициялық жоба іске асырылып жатқанымен, олардың қатарында Үлкен Нарын ауданына қатысты жобалар әзірге жоқ. Жағдай аудан үшін жаңа инвестициялық бастамаларды әзірлеу мен ұсынудың маңызын айқындай түседі.
Соған қарамастан, биыл ауданда маңызды өндірістік нысан пайдалануға берілді. Құны 1,4 млрд теңгені құрайтын «Элхон» ЖШС-нің асфальтбетон зауытының құрылысы толық аяқталып, барлық қажетті жабдықтар орнатылды. Қазіргі уақытта зауыт асфальтбетон өндіруді бастап кетті. Жаңа нысан ауданның ғана емес, көршілес елді мекендердің де жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына серпін беретін өндірістік базаға айналмақ.
Осы орайда аудан басшылығына нақты міндеттер жүктеліп отыр. Үлкен Нарын ауданының әкіміне кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасымен бірлесіп Жалпыұлттық және Өңірлік пулдарға енгізуге болатын нақты инвестициялық жобалар тізбесін қалыптастыру, негізгі капиталға инвестициялар тарту, жаңа өндірістер ашу және қолданыстағы кәсіпорындарды кеңейту бағытындағы жұмысты жандандыру тапсырылды.
Өңірдің жаңа тынысы туризмде
Үлкен Нарын ауданы үшін экономиканы әртараптандыру жолындағы ең перспективалы әрі табиғи артықшылыққа сүйенген бағыттардың бірі – туризм. Географиялық орналасуы, Бұқтырма су қоймасының жағалауы, табиғи ландшафты мен таза экологиясы өңірді туристік тартымдылығы жоғары аймаққа айналдыруға толық мүмкіндік береді. Десе де, туризм тек демалыс емес, шағын және орта бизнесті алға сүйреп, халықты тұрақты әрі табысты жұмыспен қамтитын маңызды драйвер.
Ауданда туристерді қабылдап, орналастыруға арналған 6 нысан тіркелген. Соңғы жылдары бұл саланың қарқыны айқын. Биыл Үлкен Нарын ауданына келген туристер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38,5 пайызға өсіп, 4,9 мың адамға жетті. Ал 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 3,5 мың адамды құраған болатын. Мұндай өсім өңірге деген қызығушылықтың артып, туристік әлеуеттің нақты іске айналып жатқанын көрсетеді.
Туризмді дамыту тек демалыс орындарын салумен шектелмейтіні белгілі. Бұл – жол, байланыс, қауіпсіздік, сервистік қызмет, тамақтану сапасы сияқты көптеген саланың қатар дамуын талап ететін кешенді үдеріс. Осы тұрғыда Үлкен Нарын ауылына кіреберісте жол бойы сервисін ашу бойынша аудан әкімдігі мен «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының облыстық филиалы бірлесіп жүзеге асырған жұмыс оң тәжірибе ретінде атап өтілуде. Бұл бастама жол үстіндегі қызмет көрсету мәдениетін қалыптастырып, жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндік ашты.
Алдағы кезеңге жоспарланған жобалар да туризм саласының жүйелі түрде дамитынын аңғартады. 2026 жылы Приморск ауылында жағажай аймағын абаттандыру, сондай-ақ ауданның кіреберіс топтарын көріктендіру көзделіп отыр. Бұл жұмыстар өңірдің сыртқы келбетін жақсартып, туристер үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Көлік инфрақұрылымы
Шығыс Қазақстанда көлік инфрақұрылымын дамыту өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуын қамтамасыз ететін басты басымдықтардың бірі. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей тапсырмалары аясында кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Өткен жылы Бұқтырма көпірінің пайдалануға берілуі өңір тұрғындары үшін тарихи оқиғаға айналып, Шығыс Қазақстанның көлік қолжетімділігін жаңа деңгейге көтерді. Ал биыл Катонқарағай және Зайсан аудандарында заманауи әуежайлардың құрылысы басталып, бұл өңірдің туристік тартымдылығына тың серпін бермек.
Жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар жыл сайын ауқымын кеңейтіп келеді. Өткен жылы республикалық және жергілікті маңызы бар 710 шақырым жол жөнделсе, биыл бұл көрсеткіш 856 шақырымға жетті. Бұл – өңірлер арасындағы байланысты нығайтып, жүк пен жолаушы тасымалының қауіпсіздігін арттыра түсті.
Халықаралық және ішкі логистиканы дамыту мақсатында «Майқапшағай» және «Уба» өткізу бекеттері, сонымен қатар Өскемен, Риддер, Шемонаиха, Алтай және Серебрянск қалаларындағы 5 теміржол вокзалы қайта жаңартылуда.
Өңірде ірі жол жобалары да қарқынды іске асырылуда. Өскемен – Алтай – Рахман қайнары бағытындағы автомобиль жолы қайта жаңғыртылып жатыр. Қытаймен шекараға шығатын Қалбатау – Майқапшағай тасжолының жаңғырту жұмыстары толық аяқталып, халықаралық сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға жол ашты. Сондай-ақ өңірді елдің оңтүстігімен байланыстыратын Талдықорған – Қалбатау – Өскемен автожолы да жаңартылды. Бұдан бөлек, Абай облысының орталығы Семей қаласына апаратын жол жөнделіп, Риддер мен Шемонаиха бағыттарындағы трассаларды жаңарту жұмыстары жалғасуда.
Жиын барысында айтылған деректер мен нақты тапсырмалар Үлкен Нарын ауданының бүгінгі тынысы мен ертеңгі беталысын айқындайды. Аграрлық әлеуетке сүйенген экономика, өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған нақты қадамдар, туризмді жаңа деңгейге көтеруге арналған жоспарлар мен көлік инфрақұрылымын жаңғырту – ауданның кешенді дамуына негіз болмақ. Мемлекет басшысының стратегиялық тапсырмалары өңірлік деңгейде нақты жобалармен ұштасып, халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған жүйелі саясатқа айналады.
Экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, инфрақұрылымды жетілдіру және әлеуметтік саланы нығайту бағытындағы жұмыстар бір арнаға тоғысса, ауданның даму әлеуеті толық ашылып, өңір тұрақты өсім жолына нық қадам басары анық.











