KZ
Өскемен
+18°
пасмурно жел 7 м/с, СБ
443.44 480.51 4.88

Маралдының көшелеріне асфальт төселіп жатыр

13.05.2024, 18:16 265 ALTAINEWS

Күршім ауданындағы Маралды ауылының көшелеріне асфальт төселіп жатыр. Жалпы алғанда үш шақырымға жуықтайтын ауылішілік жол асфальтталады,деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевтың тапсырмасымен Маралды ауылын абаттандыру, жарықтандыру, ауызсу тарту және жолдарды жөндеу жұмыстары қолға алынған.

– Дәл қазір, шамамен, 300 метр жолға асфальт төселді. Жұмыс қарқыны жаман емес, – дейді «ОблШығысЖол» ЖШС өкілі Бағлан Ұябаев.

Маралдыны бірқатар өзгеріс күтіп тұрғанын айта кетуіміз керек. Аталмыш елді мекен мен аудан орталығын байланыстыратын 75 шақырым жолдың 12,5 шақырымына асфальт төселген. Биыл Жол жылы аясында тағы 15 шақырымы асфальтталады,

Автомобиль жолдары комитетінің талабы бойынша қиыршық тасты қара жолға асфальт төсегенде 15 шақырымнан асыруға болмайтынын айта кеткен жөн.

– Яғни, кезең-кезеңмен 15 шақырымнан үш жыл көлемінде жүргізіледі. Сонымен қатар биыл Күршім-Қалжыр бағытындағы 131 шақырым жолдың 75-91 шақырым, 106-121 шақырым аралығы асфальтталады. Сөйтіп биыл Күршім ауданында жалпы ұзындығы 46 шақырым жолға асфальт төселеді, – деп түсіндірді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов.

Сондай-ақ елді мекенде 1,6 шақырымға жарық тартылады. Қазір бұл жұмыс бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Оған қоса қыста хоккей корты, ал жазда футбол алаңы болатын әмбебап нысан салуға дайындық жүргізіліп жатыр.

– Ауылдағы мәдениет үйі қаптау жұмысы да жүргізіледі. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірлендуде. Сондай-ақ өзен жағасындағы дамбыны нығайту жұмыстары жүргізілді, – деп мәлімдеді Күршім ауданы әкімінің орынбасары Мейіржан Әлібеков.

Маралды ауылындағы мектептің жағдайы ойдағыдай. Оқу кабинеттері қажетті құрал-жабдықпен қамтылған. Облыстық білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева мектептің әдістемелік базасы да нығайтылғанын айтады. Тек спорт залы жөндеуді қажет еді.

–  Тиісті сараптама жасалып, жобалық-сметалық құжаттама әзірленгеннен кейін жөндеу жұмыстарына қажетті соманың мөлшері де белгілі болады, – деп пікір білдірген бұл жөнінде бейінді басқарма басшысы.

Ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункт жаңартылған. Енді жергілікті учаскелік полиция пункті жөнделіп жатыр.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив