ШҚО-да 5 мың мал иесі жауапқа тартылды
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы Сағат Мадиев «Online» форматта өткізілген халыққа есеп беру кездесуінде ішкі істер органдары қылмыстың кең тараған түрі - бөтеннің мүлкін ұрлаудың алдын алу бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізетінін атап өтті. Жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтың 45 пайызын мал ұрлығы құрайды.
ШҚО бас полицейі ішкі істер органдары ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ІІМ-нің үш жылға арналған бағдарламасын аяқтағанын хабарлады. Енді осы жылдан бастап ІІМ-нің 2021-2023 жылдарға арналған мүлікті қорғау жөніндегі жаңа бағдарламасы іске асырылады.
- 2020 жылы учаскелік полиция инспекторлары (1234) халықпен мыңнан астам жиын өткізген, онда ұрлық жасауға ықпал ететін мән-жайлар түсіндіріліп, үйлердің подъездерін металл есіктермен бекіту, домофондармен жабдықтау және бейнебақылау жүйелерімен жарақтандыру қажеттілігі туралы ақпарат жеткізілді, - деді ШҚО ПД бастығы.
С.Мадиев қабылданған шаралардың нәтижесінде өткен жылы ұрлық санының (10 837-ден 6 027-ге дейін) қырық төрт пайызға азаюына қол жеткізілгенін атап өтті. Бұл ретте мұндай беталыс ағымдағы жылы да сақталуда, яғни биыл ұрлық саны төрттен бір бөлікке азайған.
ШҚО ПД бастығы ауылдық жерлерде қылмыстың ең көп таралған түрі мал ұрлығының алдын алуға баса назар аударылатынын айтты.
- Мал ұрлығын жасауға ықпал ететін алғышарттардың бірі малды тиісінше жаймау болып табылады. Қылмыскерлер мал иелерінің бейқамдығын пайдаланып, жайылымнан қараусыз жүрген малдарды ұрлайды, - деді С.Мадиев.
ШҚО ПД бастығының берген мәліметі бойынша әкімдіктердің ықпал етуімен екі жүз алпыс екі мамандандырылған мал тұрағының жұмысы ұйымдастырылды. Өткен жылы ғана 18 мың бас қараусыз жүрген мал тұраққа қамалған болатын, осылайша оларды ұрлауға жол берілген жоқ. 5 мың мал иесі (4 861) әкімшілік жауапқа тартылды.
- Аталған қылмыс түрін ашу және алдын алу мақсатында профилактикалық рейдтер жүргізу, базарлар мен ет сату орындарын тексеру жүзеге асырылуда, тосқауыл бекеттерінің жұмысы ұйымдастырылып, ұрланған малдарды тасымалдаумен айналысатын 8 қылмыскер ұсталды. Тағы 336 азамат құжаттарсыз мал және ет өнімдерін тасымалдағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды,- деді С.Мадиев.
Облыстың бас полицейі жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу нәтижесінде мал ұрлаумен айналысқан 14 топтың залалсыздандырылғанын және құны 51 млн. теңгеден астам 700-ден артық мал өз иелеріне қайтарылғанын атап өтті.
- Мәселен, ағымдағы жылдың ақпан айында Ұлан ауданындағы еркін жайылымнан облыс орталығы тұрғынының қараусыз қалған 19 бас жылқысы жоғалып кетіп, кейін табылған. Оларды іздеу бір аптаға созылды, 20 полиция қызметкері, 5 бірлік техника және тікұшақ тартылды. Бұл бір ғана жағдай емес. Иелеріне қайтарылған малдың жартысы - қараусыз жоғалған малдар,- деп мысал келтірді С.Мадиев.