"Анама енді бармаймын" Өгей әкесінен қорлық көрген бала үйіне қайтқысы келмейді
Өскеменде өгей әкесі сал ауруына шалдыққан 9 жастағы бала мен оның 1,5 жасар қарындасы денесіне темекісін басып өшіріп, талай қорлық көрсеткен екен. Ол аздай, екеуін аязда далаға тастап кеткен, деп хабарлайды Altaynews тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Оларды көршілері дер кезінде тауып алыпты. Денесін үсік шалған қос бүлдіршін Ана мен бала орталығына жеткізілген.
"Анама енді бармаймын", - деп шырылдаған 9 жастағы Данил үйінде көрген қорлығы туралы жайып салды.
Айтуынша, туған анасы оны қарындасы Света екеуін аязды күні далаға ұмытып кеткен. Мұндай жағдай бұған дейін де бірнеше рет қайталанған екен. Данил балалардың сал ауруына шалдыққан, өздігімен жүріп-тұра алмайды.
Дәрігерлер орталыққа түскен кезде балалардың халы аянышты болғанын айтады: үсті-басы лас, киімдері бірнеше ай бойы ауыстырылмаған, өздері әбден ашығып қалыпты. Денесінен үсіктен бөлек, күйік іздері де табылыпты. Данилдың айтуынша, өгей әкесі темекіні бұлардың денесіне басып, өшіретін. Ал оларға қамқор болуға тиіс аналары ішімдікке салынған жан екен.
Орталықтың қызметкерлері балаларды жуындырып, киімдерін ауыстырып, қарындарын тойдырып қойған. Кішкене Светаның ашыққаны соншалық, қолынан тамағын тастамайды.
Қазір болған оқиғаға қатысты тиісті органдарға шағым жасалып отыр. Бұл мәселеге қоғам белсенділері де араласып, балаларды отбасына қайтармаудың амалын қарастыруда.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Данилдің анасы ұлынан бас тартқаны анықталды. Алайда балаға берілетін жәрдемақы үшін оны қайтарып алыпты.
Қоғамдық кеңес мүшелері бұл әйелді аналық құқығынан айыруға қол жеткізбек.