Қыркүйекте Головкинмен жекпе-жекке кім шығады?
DAZN стриминг сервисі Геннадий Головкинге қыркүйекте жекпе-жекке шығатын үш адамды қарастырып жатыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл туралы Vesti.kz жазып жатыр.
Дереккөздің ақпарат бойынша, GGG-мен жекпе-жекке үміткерлер қатарында украиналық Сергей Деревянченко, мексикалық Хайме Мунгия және жапониялық Риота Мурата бар.
Осылардың ішіндегі басты үміткер – Деревянченко.
– Украиналық спортшы IBF белбеуіне үміткердің ең алғашқысы. Сондықтан ұйым Деревянченко және орта салмақтағы чемпион Сауль «Канело» Альварес арасында жекпе-жек өткізуге рұқсат берді. Мексикалық боксшы бас тартса, IBF одан белбеуін тартып алуға мәжбүр болады, бірақ әлі ешқандай келіссөздер жүрген жоқ. Осылайша үміткерлер тізімінде Деревянченкодан кейін тұрған Головкин жекпе-жекке шығуы мүмкін, – деп жазды Vesti.kz тілшілері.
Еске салсақ, Головкин Danz-мен жасаған келісім-шарты бойынша жыл соңына дейін тағы бір жекпе-жек өткізуі тиіс.