«Kids go free». Балалар ұшақпен тегін ұшады – Мәдениет министрлігі
Балалар ұшақпен тегін ұшады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлімдеді.
– Біз «Kids go free» жобасын (ағылш. – «Балалар тегін ұшады») ұсынып отырмыз. Жоба бекітілгеннен кейін, мемлекеттік бағдарлама туристік қызмет туралы заңға енгізілетін болады, – деді министр.
Мұхамедиұлы айтуынша, ерлі-зайыптылар демалысқа бару үшін ел ішінде ұшақпен ұшса, олардың 15 жасқа дейінгі екі баласына тегін авиабилет беріледі. Министр жоба ішкі туризмді дамыту мақсатында құрылғанын атап өтті.
– Бұл біздің отандастарымыздың шетелдерге кетпеуі үшін жасалып отыр. Өз қаражатымыз өзімізде қалады. Яғни, біз шартты түрде 1 теңге субсидия беріп, 6,5 теңге үнемдейміз. Сол себепті жобаның бекітілуіне аса мүдделіміз. Менің ойымша, бір-екі ай ішінде біз іске кірісеміз, – деп түйіндеді мәдениет министрі.