"Студенттер көктемі – 2019". Үздік оқу орны дауыс беру арқылы анықталады
Семейде VII облыстық дәстүрлі «Студенттер көктемі» байқауы өтіп жатыр. Бұл шара биыл жастар жылына орайластырылғанын айта кеткен жөн, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Іс-шара орталық алаңда басталды. Онда өңірдегі 6 жоғарғы оқу орны мен 22 колледж өкілдері келіп, мектеп түлектеріне өз оқу орындарын кеңірек таныстырды. Белгілі дереккөздерде алаңға 6 мыңдай мектеп бітірушілер жиылғаны айтылады.
– Елбасының Бес әлеуметтік бастамаларының үшінші бағыты бойынша жоспарланған 11 жатақхананың екеуі Семей қаласында ашылды. Қазір 9 жатақхананың құжаты дайындалып жатыр. «Білікті маман» жобасы бойынша соңғы екі жылда өңірде қажетті мамандарды даярлауға облыс әкімінің арнайы гранттары бөлінуде. Бүгінгі таңда 646 жас грант иегерлері атанды. Жұмыстың оң нәтижесі қазірдің өзінде көрінеді, - деді жастар ресурстық орталығының ШҚО ІСБ Арайлым Есімбекова.
Фестиваль Абай атындағы драма театрда VIІ облыстық дәстүрлі «Студенттік көктем-2019» фестивалінің Гала-концертімен аяқталады.
Концерт барысында студенттердің үздік шығармашылық ұжымдары 6 номинация бойынша марапатталады: ТжКБ мекемелері арасында «Үздік кәсіби алаң», ЖОО арасында «Үздік кәсіби алаң», ТжКБ мекемелері арасында «Үздік шығармашылық бағдарлама», ЖОО арасында «Үздік шығармашылық бағдарлама», «Студенттік көктем сұлтаны/аруы».
Айта кетейік, кешке әлеуметтік желілерде дауыс беру арқылы үздік оқу орын анықталмақ. Инстаграм желісінде жастар ресурстық орталығының парақшасында дауыс беру жүргізіледі.
Ескерте кетер жәйт, бұл парақшаға алдын ала тіркеліп қою керек, әйтпесе парақша бөгде қолданушыларға жабық.