Алтай ауданының оқушыларына жаздық жолдама тарту етілді
Әз-Наурыз бүгінде бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан ұлт пен ұлыс өкілдерін ұйыстыра түсетін ұлық мейрамға айналды. Көктемнің шуақты мерекесінде кез келген адамның көңілі гүлдеп, өмірге деген құштарлығы артады. Ұлыс күні – тұтастық пен татулық, жарасым мен келісім кемірінен асып төгілетін күн.
14 наруыз мерекелі де берекелі айдың басы – Көрісу күні болса, 15 наурыз – қайырымдылық күні. Бұл күні жан дүниесі түлеген жарандар ізгі істің қасынан табылуға ұмтылады. Әке балаға қамқорлық танытса, аға ініге ізет көрсетеді.
2022 жылы ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры құрылғаны белгілі. Қор «QН Жаздық жолдама» қайырымдылық жобасын бекітті. Жоба еліміздің 17 облысындағы ауылдық жерлердегі оқушылардың жазғы лагерьлерде білім алуы мен мәдени дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Біздің өңіріміз бойынша мектептің қоғамдық және мәдени өміріне белсене атсалысып, оқуда озат болған 45 оқушы облыс орталығындағы Дарын лагерінде демалады. Бұл қатарда алтайлық оқушылар да бар.
Алтай аудан әкімінің орынбасары Жанна Асқарова оқушыларды аудан әкімінің атынан құттықтап, сертификат табыстады. Ол өз сөзінде бұл акция ауыл мектептеріндегі балалардың оқуға, мәдени және спорттық іс-шараларға деген ынтасын арттыратынын атап өтті.