Алтай ауданына оңтүстіктен 20 отбасы көшіп келді
Алтай ауданында 2019-2020 жылдарда халықты жұмыспен қамтуға арналған «Еңбек» бағдарламасы үш бағытта жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Мысалы, биыл кәсіп бастаған 32 адамға мемлекет гранты берілген. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз мәслихатында кеңірек баяндалды.
– Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар ұсынылады. Алғашқы бизнесін іске асырамын деушілерге қайтарылатын және қайтарылмайтын негізде 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (555 мың теңге) грант беріледі. Биыл 32 қатысушы алды. Мемлекеттік гранттар қажетті құралдарды, технологиялық жабдықтарды, малды немесе құсты сатып алуға, ғимаратты жалға алу төлемін жүргізуге пайдаланылады, – деді аудан әкімі Қалихан Байғонысов.
Ал «Еңбек» бағдарламасының басқа екі бағыты – техникалық, кәсіптік білім беру және халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.
– Үш ай мерзімде оқу оқитындарға ай сайын 21 779 теңге стипендия тағайындалып, жолақысы, жатар орыны, медициналық тексерістен өтуіне қаражат беріледі. Алтай жоғарғы колледжі, Зубовск кентіндегі «Фаворит» компаниясының жанындағы оқыту-практикалық орталығы және Серебрянск техникалық колледждеріне ағаш өңдеу станоктарының станочнигі, тракторист-машинист, орман жығушы, кондитер, аспаз, даяшы мамандықтары бойынша 50 адамды оқыту жоспарланды. Қазір оқуға 41 бағдарламаға қатысушысы жөнелтілді. Қазан айында қосымша 16 адамға жолдама беру көзделген, – дейді Қалихан Байғонысов.
Оның айтуынша, бағдарлама аясында 800-дей адам жұмыспен қамтылған. Соның ішінде, әлеуметтік жұмыс орындарына 26 адам, жастар тәжірибесі бойынша 21 түлек жолдама алып, жұмысқа орналастырылған.
Баса айта кетерлігі, жұмыс күшімен қамтамасыз ету, өңірлік сәйкессіздікті және демографиялық дисбаланстарды жою мақсатында ауданға оңтүістік өңірлерден 20 отбасы көшіп келген.
– Биыл 20 отбасына берілген квота орындалды. Яғни, 20 шаңырақ оңтүстік өңірден көшіп келді. Атап айтсақ, Түркістан облысынан екі отбасы (екі адам), Алматы облысынан үш отбасы (11 адам), Жамбыл облысынан 12 отбасы (31 адам), Шымкент қаласынан үш отбасы (бес адам) қоныс аударды, – деді Қалихан Байғонысов.