KZ
Өскемен
+6°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, З
478.54 533.76 5.17

Өскеменде робот көмегімен күрделі эндоскопиялық оталар жасалады

6.12.2018, 11:42 213

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев пен ел Премьер-министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев бастаған Астанадан келген ресми топ Өскемендегі облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың жұмысымен танысты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Айта кетейік, мұнда биылғы көктемде роботтандырылған хирургия орталығы жұмысын бастаған болатын.


– Бұл – елімізде ашылған тұңғыш роботтандырылған орталық. Бізде Италиядан әкелінген Senhance Transenterix роботының көмегімен күрделі эндоскопиялық оталар жасалады. Алғашқы операциялар Италиядан арнайы шақыртылған маманның қатысуымен өткен.


Үстіміздегі жылдың наурызында ашылған орталықта бүгінге дейін 120-дан астам науқасқа ота жасалып үлгерді. Соның арқасында талай жанды ажалдан арашалап қалдық, – дейді орталықтың бас дәрігері Юрий Старокожев.



Оның айтуынша, роботтандырылған хирургия отаның дәлдігін арттырып, жарақаттың жеңіл әрі операциядан кейінгі ем-домның сапалы болуын қамтамасыз етеді. Сондықтан бұл бастаманы отандық денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртудағы аса маңызды қадамның бірі деп бағалауға болады.


– Біз мамандарымыздың білімі мен біліктілігін арттыруға айрықша мән берудеміз. Орталықта дәрігерлердің үшдеңгейлі оқыту бағдарламасы бойынша сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Мәселен, шетелдің озық медициналық орталықтарының білікті мамандары арнайы келіп, жергілікті дәрігерлермен тәжірибе бөліседі, – деген бас дәрігер орталықта роботтандырылған хирургиядан бөлек, трансплантологиялық және симуляциялық бөлімдер де бар екенін атап өтті.


Хирургиялық орталыққа сапары барысында мәртебелі қонақтар оның жұмысына жоғары баға беріп, дәл осындай медициналық мекемелер еліміздің өзге өңірлерінде де салынуы керек деген пікір айтты. Олар тіптен, мұндай орталықтар Астанада жоқтығын мәлімдеп, таңданысын жасыра алмады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив