KZ
Өскемен
+3°
пасмурно жел 1 м/с, С
479.23 534.96 5.16

Өскеменде волейболдан Азия чемпионаты салтанатты түрде ашылды

11.07.2018, 11:52 130

Осымен 19-шы рет өткізіліп отырған клубтық Азия чемпионатының тұсаукесер рәсімі облыс орталығындағы  Спорт сарайында өтті.


Салтанатты шараға Қазақстан волейбол федерациясының президенті Нұртай Әбіқаев, облыс әкімі Даниал Ахметов пен бірқатар мәртебелі мейман қатысып, командаларға сәттілік тіледі.


 


– Құрметті спортшылар! Қадірменді қонақтар! Баршаңызды осынау спорт мерекесінің басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Жапония, Қытай Халық Республикасы, Тайланд, қытайлық Тайбэй, Иран, Вьетнам, Шри-Ланка, Индонезия елдері спортшыларына, қонақжай Қазақ еліне, шырайлы Шығыс жеріне қош келдіңіздер дейміз. Сондай-ақ бізге осындай ауқымды шараны тағы бір мәрте өткізу міндетін сеніп тапсырған Азия волейбол конфедерациясы басшылығына рақмет айтамыз. Құрлықтың кіл мықтылары қатысатын жарыс тартысты да қызықты ойындарға толы болады деп сенеміз. Барлық командаға сәттілік, ал жанкүйерлерге мерекелік қөңіл тілеймін! – деді құттықтау сөзінде Қазақстан волейбол федерациясының президенті Нұртай Әбіқаев.


 


Рас, жарыс күні кеше ғана басталғанымен, қазірдің өзінде чемпионат өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды деп сеніммен айтуға болады. Мұны дүбірлі доданың ашылу рәсіміне қатысқан Азия волейбол конфедерациясының өкілдері де атап өтті. Мәртебелі меймандар Өскемендегі спорттық шара ұйымдастырылуы жағынан бұған дейінгі чемпионаттардан еш кем түспегенін, сол үшін шығысқазақстандықтарға тағы бір мәрте зор алғыс білдіретінін жеткізді.


Азия біріншілігінің ашылу салтанаты барысында Спорт сарайын лық толтырған бес мыңға жуық көрермен назарына Шығыс Қазақстан облысы мен Өскемен қаласы тарихынан сыр шертетін театрландырылған қойылым ұсынылды. Содан кейін аренаға жарыстың басты кейіпкерлері тоғыз елдің волейболшылары шығып, жанкүйерлер қошеметіне бөленді. Еліміздің мемлекеттік әнұраны шырқалды.


Бұдан кейін кезек жанкүйер қауым тағатсыздана күткен "Алтай" мен ирандық "Пэйкан" арасындағы кездесуге келіп жетті. Бұл матч туралы алдағы уақытта хабарлайтын боламыз.


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив