KZ
Өскемен
+3°
пасмурно жел 1 м/с, СБ
479.23 534.96 5.16

Семейдегі теміржол бойына қоқыс шашатын тұрғындарға айыппұл салынатын болды

13.05.2018, 04:52 167

Семейде сенбілік күндері үйілген қоқыстармен күрес тұрақты түрде жүретін болды. 12-інші мамыр күні қаланың көшелері мен аулалары ғана емес, темржол бойындағы тау-тау болып үйіліп жатқан қоқыстар да тазартылды. Десек те, теміржолшылар қауымының өкіншпен айтуына қарағанда, бұл жыл сайынғы күйкі көрініс екен. Жыл сайын олар тұрғындардың қалай болса солай, лақтыра беретін қоқыстарын тазалап әуре болады.


Тұрғындар қоқыс тазалушы мекемелермен келісімшарт бекітіп, өз қоқыстары үшін өз қалталарынан ақша төлеп, шығарғылары келмейді. Салақтық пен ластыққа еттері әбден үйреніп алған. Тіпті біз қоқыс үйілген жерге жетіп, фотосуретке түсіре бастаған кезде, ол жерлерден бір-екі БОМЖ, қаңғыбас адамдар шығып, бізге сес көрсете:


-Бұларыңнан ештеңе шықпайды!-деп айғайламасы бар ма?!


Сонымен, қоқыс Семейге қайдан келеді? Әрине, тұрғандардан келеді. Тұрып темекі шегіп, тұқылын жерге тастай салады, қақырып-түкіреді, ішіп келе жатып, қолдарындағы бөтелкелерін лақтырады, одан қалса, үйлеріндегі тамақ қалдықтары, қоқыстарды, қыс бойы жаққан отындарының да күлін  теміржол бойына үйе береді екен. Қоқысты зерттеп, кәдімгідей сұрыптап, осыған көзіміз жетті.


Тұрғындар өз алдына, тіпті кейбір базарда істейтіндер де осы жерге артық-тұртық заттарын шығарып, сонымен теміржол рельсінің бойы адам көргісіз болып толып кеткен.  Мамырдың 11-і күні қала әкімі Ермак Сәлімов теміржол бөлімі қызметкерлері, ТҮКШ бөлімдерімен кезекті жиын өткізген. Жиын барысында қала тазалығы, теміржол бойындағы үйілген «таулар» мәселесі де қозғалды. Ертесінде міне, «Семей» КМК көмекке келіп, тракторлар мен самосвалдар да қоқыстарды шығаруға жұмылдырылып жатыр.

Семейде нақты айтқанда, осындай тау боп үйілген қоқыстар Деповская(Сроственская) көшесінінің бойында және «Жансая» базарының маңы, 905-інші құрылыс аудандарында екен.


-Бүгінде қала әкімінің тапсырмасымен 400 адам теміржол тасымалы бойынша, сенбілікке шығып отырмыз,-деді «ҚТЖ-Жүк тасымалы» Семей бөлімшесі директорының орынбасары Ерғазы Жұмаділов,-десек те, жыл сайын осы көрініс. Биыл осы қоқысты аламыз, тазалаймыз, сосын келер жылы тағы пайда болады. Қаншама қаражат кетеді. Уақытымызды шығындаймыз, бұны ойлап жатқан тұрғындар жоқ.


Деповская(Сроственская) көшесі бойындағы тұрғындардың ішінде жаңадан көшіп келгендері де бар екен. Нұрбану Қапаеваның айтуынша, қоқыстарды тастауға бұрыннан бері тұрып келе жатқандардың еттері үйреніп алған.


-«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ААҚ-ы тазалық жұмыстарын Алматы, Шығыс, Солтүстік бағыттарындағы теміржол бойлары бойынша жүргізді,-деді Семей қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Амангелді Үтелбаев,-оларға біздің тарапымыздан барлық техника көмек ретінде берілді. Алынған қоқыстар арнайы жерге жеткізілуде.


Қала әкімдігі осы жерлерде орналасқан шағын және орта бизнес нысандарының жетекшілерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сол сияқты жергілікті полиция қызметкерлері аулаларды аралап, қоқыс тастаушыларға айыппұл салатын болды. Теміржол бойында өздерінің гараждарын орналастырғандар да айналасына қоқыс лақтыра беретіндіктен, оларды тексергенде көпшілігінде қоқыс шығаратын мекемелермен келісімшарттарының жоқтығы анықталды. Қазіргі уақытта бақылаушы, қадағалаушы орындар айыппұл салып, осыған орай 500 мың теңгенің хаттамалары дайындалып отыр. Жыл сайын қоқыс қалдықтарын лақтыртпас үшін осындай шаралар қолға алынуда.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив