KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 1 м/с, СШ
478.54 533.76 5.17

Заманауи медициналық құрал-жабдықтар алынып жатыр

23.02.2018, 09:07 414

Оның жарқын мысалы ретінде елімізде баламасы жоқ роботтандырылған хирургия мен трансплантология орталығының ашылуын келтіруге болады.


Өңірдің медициналық ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңарту бағытында түбегейлі жұмыс жүргізілуде. Үш жылдың ішінде облыстық бюджеттен заманауи медициналық құрал-жабдықтар сатып алу мақсатына 23 миллиард теңге бөлінбек. Бұл туралы облыс әкімінің бүгінгі халық алдындағы есепті жиынында айтылды.


Былтыр қоғамдық ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдарының бақылауымен 1 023 бірлік жоғары технологиялық құрал-жабдық сатып алынды. Бұл техника онкология, кардиология, кардиохирургия және ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында жұмыс істейтін медициналық ұйымдарға тапсырылды. Биыл аталмыш мақсатқа тағы 3,8 миллиард теңге бөлініп отыр.


Салаға инновацияларды енгізудің жарқын мысалы ретінде Өскемендегі бірінші қалалық ауруханада денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен елімізде баламасы жоқ роботтандырылған хирургия мен трансплантология орталығының ашылуын келтіруге болады. Аталмыш орталықтың негізгі мақсаты – диагностика мен емдеу үдерісіне инновация енгізу. Жұмыс Алматы және Астана қалаларының ұлттық ғылыми орталықтарының, сондай-ақ Семей медициналық университетінің қатысуымен жүргізілмек. Осының арқасында, орталықта медициналық қызмет, сонымен қатар ғылым мен білім ұштастырылатын болады.


Сонымен қатар алдағы уақытта облыста Қазақстанда баламасы жоқ гематологиялық орталық салынбақ. Аталмыш нысанның құжаттамасы әзірленіп те қойған.


– Халықаралық медицина стандарттарына сай боламыз десек, онда міндетті түрде шетелдік әріптестермен, сала көшбасшыларымен байланысымызды нығайтуымыз қажет. Осы мақсатта заманауи технологиялармен жұмыс істейтін танымал медициналық орталықтармен келісімшарттар жасалатын болады. Бұл өз кезегінде бізде бар құрал-жабдықтардың тиімділігін арттырып қана қоймай, ауруларды емдеудің жаңа әдіс-тәсілдерін меңгеруімізге жол ашпақ, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов жиын барысында.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив