KZ
Өскемен
ясно Штиль
479.23 534.96 5.16

Университеттің мерейтойына арналған жарысқа сегіз команда қатысты

22.02.2018, 03:40 249

Өскеменде Астана қаласының 20 жылдық және Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың 60 жылдық мерейтойларына арналған волейболдан республикалық турнир өтті. Аталмыш спорттық шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген сегіз команда қатысты.


Айта кетейік, доп додасында Алматы қаласының, сондай-ақ Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының 2001-2003 жылдары туған жас волейболшылары сынға түсті.


Жарыстың ашылуында сөз алған Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың оқу ісі жөніндегі проректоры Сәуле Рахметуллина жоғары оқу орнының қабырғасында білім алып жатқан студенттер арасында спорттық жарыстар ұйымдастыру дәстүрге айналғанын айтып, биылғы мерейтойлық додаға өзге облыстардың командалары арнайы шақыртылғанын атап өтті.


Сондай-ақ жас волейболшыларды облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының өкілдері мен ардагер спортшылар да құттықтап, барлығына сәттілік тіледі.


Шара барысында жоғары оқу орны басшылығы республикалық деңгейдегі жарысты өткізуге атсалысқан демеушілерге алғыс хаттар тапсырып, құрмет көрсетті.


Университеттің дене тәрбиесі және спорт кафедрасының меңгерушісі Болатбек Даумовтың айтуынша, облысымызда волейболдан өтетін ел біріншілігі мен Қазақстан кубогы жарыстарын қоспағанда, жастар арасындағы мұндай ауқымды турнирлер бұрын-соңды ұйымдастырылып көрмепті. Үш күнге созылған доп додасы Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың спорт залында өтті.


Тартысқа толы турнирдің қорытындысы бойынша жарыс жеңімпазы болып шығысқазақстандық волейболшылар танылды. Екінші сатыға Қызылорда облысының командасы көтерілсе, үшінші орынға оңтүстікқазақстандықтар табан тіреді.


Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлер, сондай-ақ жекелей аталымдар бойынша үздік атанған ойыншылар кубоктар мен медальдарға, грамоталар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды.


– Болашақта мұндай турнирлерді жыл сайын өткізіп тұрғымыз келеді. Себебі, бұл игі бастама университетіміздің беделін арттырып қана қоймай, жастарымызға салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортпен айналысушылар санын молайта түсуге септігін тигізеді, – дейді Б.Даумов.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив