KZ
Өскемен
+2°
пасмурно жел 1 м/с, С
479.23 534.96 5.16

Сапалы тұқым – мол өнім кепілі

8.02.2018, 03:48 299

Күршім аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының мәліметіне жүгінсек, ауданымызға биыл 814 тонна тұқым қажет. Оның ішінде, 62 тоннасы майлы дақыл, 3250 тоннасы картоп тұқымы. Ал бақшалық тұқымдарды тұрғындар мен шаруа қожалықтары өз бетінше сатып алады. Аудандағы ауылдық округ әкімдіктерінің ұсынған ақпары бойынша, қазір қолда 380 т дәнді-дақыл, 30 т майлы дақыл, 2200 т картоп тұқымы бар.


Қажетті тұқымның қалған мөлшерін алу мақсатында облыс көлеміндегі тұқым шаруа қожалықтарымен келіссөздер жүргізілуде. Паром қатынасы жолға қойылғанда, тұқым тасымалдана бастайды. Ауданымыз тұқым сапасын зерттейтін «Қазагроэкс» АҚ зертханасымен келісім-шарт жасалған. Бүгінгі күнге дейін аталмыш зертханада 94 тұқым үлгісіне сараптама жасалған. Жыл көлемінде бұл зертханада аудан тарапынан ұсынылған 684 тұқым үлгісі тексерілуі тиіс. Егіс науқаны басталғанға дейін тұқым тексеріле береді. Ал жекелей сатып алушылар дайын тексерілген тұқым алады.


Күршім аудандық фитосанитария филиалының фитопатолог мамана Дидар Қайырбаева: - Ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім алу үшін жүргізілетін шаралардың кешенінде тұқымның сапасының алатын орны ерекше зор. Қандай да бір жақсы сұрып болмасын, ұзақ жылдар егілу барысында тұқымның сұрыптық сапасы нашарлап, тозады және өнімі азаяды,-дейді. - Ол үшін тұқымның таза сұрыптылығын, оның биологиялық жоғары шығымдылығын бастапқы қалпында сақтау керек. Осы ретте тұқымды жаңарту, кептіру, тасымалдау, дайындау, сақтау ісін жақсарту және тұқымның сапасы мен түрлеріне бақылауды естен шығармаған жөн. Өкінішке орай, аудан көлемінде тұқымды дайындау мен оның сапасын арттыру жұмысы өз деңгейінде жүргізілмеуде. Тіпті кейбір шаруашылықтар тұқымның сұрпы мен сапасына аса мән бермейді, бұл өте алаңдатарлық жағдай.


Фитосанитария филиалы мамандары аудандағы 12 ауылдық округтің шаруа қожалықтарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Ал жүйелі мониторинг жасауға Құйған ауылдық округінен «Нұрәлі» шаруа қожалығы, Күршім ауылдық округінен «Дастан» шаруа қожалығы базалық қожалықтар ретінде алынған.


Фитосанитария бөлімі мамандары зертханалық жұмыстар көп атқарады. Ол үшін арнайы қондырғылары орнатылған зертханасы бар. Дегенмен, фитопатолог Д.Қайырбаева алдағы уақытта зертхана жабдықтары жаңартылып, толықтырылса деген әріптестерінің тілегін ортаға салды. Бұрын тұқымды толық сараптамадан өткізуге қаржыны  шаруашылық құрылымдары өздері төлеп келсе, қазіргі уақытта  Үкіметтің «Тұқымдық және көшеттік материалдардың сорттық және егістік сапасын анықтау» кіші бағдарламасына орай тегін сараптама жүргізіліп келеді.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив