KZ
Өскемен
-3°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, ОШ
479.23 534.96 5.16

«ТАЛЬГО» пойызы тоқтап қалды

23.01.2018, 03:47 300

Шойын жолда жүйткіген  «Астана-Өскемен», «Өскемен-Астана» бағытындағы «Тұлпар-Тальго» пойызы биылғы қаңтар айынан бастап тоқтап қалып, қазір бұл бағыт бойынша тек «Астана-Лениногор» қарапайым пойызы ғана жүріп жатыр.


Шаруасы бар адам қыс деп қарап отырмайды.  Астанаға 17 сағатта апарып, алып келетін «Тұлпар-Тальгоның» қыстың көзі қырауда тоқтап қалғаны жолаушыларға өзінің қолайсыздығын тудырып отыр. Астанаға баратын, ол жақтан кері қайтатын ел енді қайтадан ескі темір жол торабымен, Ресейдің Локоть стансасы арқылы өтетін айналмамен жүріп жатыр.


Еліміздегі «Қазақстан темір  жолы» АҚ-ның  анықтама бюросы – «105» нөміріне телефон соғып,  Астанаға «Тальго» жүрдек пойызының қайтадан қашан жүретінін сұрағанымызда, анықтама операторлары бұл сауалға нақты жауап бере алмады. Қаладағы темір жол кассалары Астанаға  қатынап келген «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызына ақпан айына да билеттер сатылып жатқан жоқтығын, яғни бұл пойыздың ақпан айында да жүрмейтінін түсіндірді. Кассадағылардың айтуынша, Астанаға жүретін №376-шы «Лениногор-Астана» -«Астана-Лениногор» бағытындағы пойызға қазір «Тұлпар-Тальго» пойызының жаңа вагондары жалғастырылып жүріп жатыр. Сол себепті қарапайым пойыз   25-27 сағаттық айналма жолмен жүрсе де, вагондардың жаңа болуына байланысты бағасы бұрынғы  жай пойызға қарағанда біршама қымбаттырақ дейді. Төрт адамдық купенің бағасы 8 800  теңге, отырып баратын орын 3 600 теңге.


Биылғы қаңтар айынан бастап Қазақстанда пойыз билетінің құны 7 пайызға өсті. Сонымен бірге, жан -жаққа қатынайтын пойыз бағыттары да көбейген. Астанадан Өскеменге жүретін жүрдек пойыз темір жол желісіндегі пойыз бағыттарының көбеюіне байланысты, жүйелеу-реттеу шараларын жүргізу үшін уақытша тоқтатылып отыруы да мүмкін. Екі ортаға жүріп жатқан жүрдек пойыз неге тоқтап қалғанын білу үшін Астанадағы «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның  операторларына да хабарластық. Олардың айтқаны:  Астанаға жүрдек пойыз биыл мүлде жүрмейді. «Вагондарды жаңартуға орай алдымызға қойылып отырған міндеттерге сай бұрынғы №67 «Астана -Өскемен» бағытындағы « Тұлпар-Тальго» пойызының вагондарын №376 «Астана Лениногор» бағытындағы пойызға ауыстырып, жалғадық. Бұл пойыз әлеуметтік пойыз, сондықтан осы пойызды қалдырып отырмыз. «Тұлпар -Тальго» алдағы жылдары, жаңа вагондар сатып алған соң бірақ жүреді», деп жауап берді компания операторы.



Защита ықшамауданындағы Өскемен-1 темір жол вокзалының кассасына билет сатып алуға  келгендер Астанаға жүрдек пойыз жоқтығын естіп, таңғалып жатыр.


-Кеше автобуспен Күршім ауданының Аманат ауылынан келгенмін. Әскерге кеткен жалғыз ұлым Қызылорда қаласында Отан алдындағы борышын атқарып жатыр. Келесі аптада өтетін  ант қабылдау рәсіміне қатысайын деп  Астанаға кетіп бара жатырмын. Астанадан әрі қарай Қызылорда қаласына баруым керек.  Билет бағасы өсіп кетіпті, 9 мың теңгеге алдым. Бағасынан бұрын жүрдек пойыздың болмай қалғаны қиын болды осындайда, - дейді  Анар Әміржанова Қызылордаға  барып-қайту үшін бір апта пойызда жүруге тура келетінін айтып.

«Теңізді де кешіп өтіп жетпей ме, Жан ботасын сағынғанда ару ана», құрт-майын сөмкесіне салып, ұлыма жетсем деп ауыр сөмкесін арқалап жолға шыққан Анарға сәт сапар тіледім.


Қазіргі күні Алматыға қатынайтын екінші «Тұлпар-Тальго» пойызы күн сайын кешкі сағат 18.05-те тоқтаусыз жүріп жатыр. Алматыдан  Өскеменге кешкі сағат 20.59-да шығып, ертеңінде күндізгі сағат 15.13-те  Защита вокзалына келеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив