KZ
Өскемен
+4°
пасмурно жел 1 м/с, С
478.54 533.76 5.17

Шошқалыда курорттық аймақ құруға болады

28.12.2017, 03:33 180

Шығыс Қазақстанда таулы аймақтар мен өзен-көлдердің көптігіне қарамастан, туризмнің өркен жаюына кедергі келтіріп тұрған бірнеше фактор бар. Оның ең негізгісі Шығыстағы жаз мезгілінің қысқалығы, облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев.


– Осындай климаттық ерекшеліктерімізге байланысты біздегі жазғы суға шомылу маусымы көп жағдайда екі-екі жарым аймен ғана шектеліп жатады. Бұл туроператорларымыз үшін де қолайсыз. Өйткені, жылына бар болғаны екі ай қызмет көрсетіп, қалған уақытта қол қусырып бос жату кімге болсын да тиімсіз ғой, – дейді Жасұлан Сәрсебаев.

Дегенмен, бұл мәселенің де түйінін тарқатуға болады екен. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасына сәйкес, Шығыс Қазақстандағы 10 көл мен су қоймасының суына бальнелогиялық зерттеу жүргізіліпті. Осының нәтижесінде қай өзен-көлдің суы шипалы екенін анықтауға мүмкіндік туған. Аталмыш зерттеу жұмыстары көрсеткендей, Бесқарағай ауданында орналасқан Шошқалы көлінің жағасында курорттық аймақ құруға әбден болатын көрінеді. Мамандар бұл көлдің суының бір литрінде 15 грамнан артық пайдалы заттар бар екенін анықтаған. Оған қоса көл суының минералдығы жоғары деңгейде, яғни, шипалық қасиеттері мол. Бір сөзбен айтқанда, Шошқалыға шомылу үшін ғана емес, емделу мақсатында да сапарлауға болады.


– Шошқалы көлінің шипалық қасиеттері туралы былайғы жұрттан бұған дейін де еститінбіз. Алайда, оған ешқандай ғылыми дәлел болмаған. Тек аймақ басшысы Даниал Ахметовтің бастамасымен жүргізілген зерттеу жұмыстары арқасында өңірдегі өзен-көл суларының шипалық қасиеттеріне нақты көзіміз жетті. Шошқалының минералдығы облыс бойынша ең жоғарғы көрсеткіштерге ие. Көл суының пайдалылығы нормадан бірнеше есе көп. Бұл көл жағасында заманауи стандарттарға сай шипажай ашуға болады деген сөз. Алдағы уақытта көлде қандай ауруларды емдеуге болатынын анықтайтын боламыз, – деген басқарма басшысы енді кәсіпкерлерге демалыс базаларымен қатар, жыл он екі ай қызмет көрсететін шипажайлар ашуға жағдай жасалып отырғанын айтты.


Рас, суға шомылу маусымы аяқталғаннан кейін де жерлестеріміз Алакөл мен Шошқалы сияқты басқа да көлдерге күз, қыс және көктем айларында барып, сауығып қайта алады. Бұл ұсыныс тек отандастарымыз үшін ғана емес, сондай-ақ шетелдіктер, әсіресе, Қытай мен Ресейден келетін туристерге де қызықты болары сөзсіз. Ондай жағдайда демалыс базаларының ғимараттары жаз айларынан басқа уақытта да қонақ қабылдап, қазынаға салық түріндегі қосымша қаржы түседі, жергілікті халық тұрақты жұмыспен қамтылады деген сөз.


Бір айта кетерлігі, бальнелогиялық зерттеу жұмыстары нәтижесінде облыстағы бірнеше өзен-көл мен су қоймасы суының шипалық қасиеттері нормадан төмен екені де анықталды. Оның ішінде, бұған дейін ерекше шипалылығымен демалушыларды өзіне тартқан Дұбығалы көлі де бар екен.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив