KZ
Өскемен
+2°
ясно жел 1 м/с, С
479.23 534.96 5.16

«Қарағайлы» шағын ауданына халық көптеп қоныстандырылатын болады.

17.10.2017, 12:43 199

Семейдің дамуы шеткі аудандарының өсіп-өркендеуімен тығыз байланысты. «Қарағайлы» шағын ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша көппәтерлі тұрғын үйлер салынып жатыр. Олардың саны жүздеп саналады. Балалар бақшасы, «Абай-Арена» спорт кешені де осылардың қатарында. Желтоқсан айында үш көппәтерлі үй қолдануға берілмек. Қалғандарына 2018 жылдың мамыр айында тұрғындар қоныс аударатын болады.

Жалпы айта кету керек, соңғы кезде Семей қаласында құрылыс саласы да дамып келеді. Өткен жылы қала ішінде 51,2 мың шаршы метр болатын 12 көп пәтерлі үй салынған. Десе де, тұрғындардың басым көпшілігі баспанаға қол жеткізе алмай, әлі де болса тұрғын үйлер көптеп керек болып жатыр. Алдағы уақытта Семейді дамыту жоспарына сәйкес, көп пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысына және оларға инженерлік желілерді тартуға түрлі қаражат көздерінен 28,1 млрд теңге жұмсалмақ. Көп қабатты тұрғын үй құрылысы толықтай «Қарағайлы» шағын ауданында да жүргізіледі. Мұндағы әзірге жобаланған 18 көп қабатты үйдің құрылысы үшін 11,1 млрд. теңге көлемінде даму институттарының қаржысын тарту есебінен жүргізіледі екен. Қосымша 20 үйдің құрылысына 9,5 млрд. теңге көлемінде республикалық және облыстық бюджеттерден қаржы бөлінеді. Сонымен қатар қаланың Қарағайлы шағын ауданында 2017 жылы бірегей «Абай Арена» мәдени-спорттық орталығының құрылысы да басты назарда тұр.


- Қаланы дамытудың үш жылдық бағдарламасының мағынасы зор,-деді қала басшысы Ермак Сәлімов,- Семейде мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде қала бойынша 9125 отбасы тұр. 20,8 мың адамның «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ–да жиналған қаражаттары бар. Тұрғын үй құрылысын алға жылжыту мақсатында, көп пәтерлі тұрғын үйлердің және оларға тартылатын инженерлік жүйелердің құрылысы қарастырылған, бұл мақсатқа барлық қаржыландыру көздерінен 28,1 миллиард теңге көлемінде қаржы бағыттау жоспарлануда. Көп қабатты тұрғын үй құрылысына арналған негізгі тұрғын аудан ретінде «Қарағайлы» ықшам ауданы таңдалып алынған, ондағы 18 көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысына «Бәйтерек Девелопмент» АҚ-ның, «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның 11,1 миллиард теңге көлеміндегі қаржысы тартылады. Қарағайлыдағы тағы 20 үй республикалық және облыстық бюджет есептерінен 9,5 миллиард теңгеге салынады. Барлығы үш жылдың ішінде Семей қаласында пайдалануға 300 мың шаршы метр баспана беріледі, оның 138,5 шаршы метрі «Қарағайлы» тұрғын ауданында екенін баса айта кеткенім жөн.


Қала әкімінің айтуынша, бұдан былай Семейде жекеменшік тұрғын үй құрылысы да қолға алынатын болады. Қаланың дамыту жоспарының үшінші саласы бойынша инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды да қоса қарастырып отыру керек екен. Әрине, ең бастысы жекеменшік тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін алу кезегі көбейіп отыр. Сондықтан да, тұрғын үй құрылысын дамыту мәселелерін кешенді шешу қажеттілігі бары рас. Осыған орай Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен өткен жылдан бастап «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы іске асырыла бастады. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын нақты үш бағытта іске асыру жоспарланған. Біріншіден, ипотека арқылы жаңа баспананы сатып алу шараларына басымдық беріледі. Екіншіден, тұрғынүй жинақ жүйесі бойынша халықты баспанамен қамтамасыз ету жұмысы жалғаса береді. Осының аясында әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар үшін аймақтық тұрғын үй қорларын құру жоспарланып отыр. Үшіншіден, міне, айтып отырғанымыздай, жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға баса назар аударылмақ. Бағдарлама аясында осы уақытқа дейін берілген жер учаскелеріне де инженерлік желілер тарту қарастырылған.


-Елбасының тапсырмасына орай, Семейде 2017 жылдан бастап «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы да іске асырыла бастады,-деді қала әкімі Ермак Сәлімов,-бұл арқылы алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын баспанамен қамту жөніндегі маңызды мәселені шешуге бағытталған.


Бағдарламадағы бағыттардың бірі жеке тұрғын үй құрылысын ары қарай дамыту болып табылады. Тұрғын үйдің халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін, 1 шаршы метрдің құны 120,0 мың теңгеден аспайтындай етіп қарастырылған. Жекеменшік тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін беру мәселесін шешуге Семей қаласын дамытудың Бас жоспары бекітілген және келешек тұрғын үй құрылысына арналған 10 аумақ белгіленген екен. Жекеменшік тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерін әзірлеуге қатысты алгоритм әзірленіп отыр. Бұл болашақта жер телімдеріне кезекті қысқартуға және инфрақұрылыммен қамтылған 13 715-тен астам жер телімін беруге мүмкіндік береді. Қаладағы оншақты тұрғын аудандардағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар мен жолдар құрылысының жалпы шығыны 35 849,9 млн. теңгені құрап отыр. «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының аясында жыл сайын республикалық бюджеттен жекеменшік тұрғын үй құрылысы аудандарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды тартуды қаржыландыру қарастырылып жатыр.


«Қарағайлыны» қалай дамытамыз? Бұл сұраққа жобалаушылар бүгінде нақты өз ұсыныстарын беріп отыр. Яғни алдағы он жылдықта 147 гектар жерге 653 мың шаршы метрлік 98 көппәтерлі үйлер салынатын болады. Бұл дегеніміз бұрын-соңды Семейде болмаған көрініс. Жоғарыда мысалға келтірген балабақша, түрлі әлеуметтік нысандар өз алдына, жасыл-желек тоғай, ағаштар, өсімдіктер де отырғызылмақшы. Осы жүз шақты үйдің бастамасы ретінде, «Қарағайлыда» 9 қабатты 6 көппәтерлі үй қазірде салынып жатыр, дейді қала әкімінің орынбасары, осы тұрғын үй саласын өз қадағалауына алған Николай Ушаков. Осы 6 көппәтерлі үйде 513 пәтер бар. Және «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша алдағы уақытта салынатын, 37,7 мың шаршы метрді құрайтын 8 көппәтерлі үйдің құрылысына 1 млрд. теңге бөлінген. «Ертіс» ӘКК бойынша тағы да қосымша алты көппәтерлі үйлер үшін жоба-сметалық құжат әзірленуде. Міне, осының барлығы тіпті алдағы 2018-2020 жылдардағы «Қарағайлының» өсіп-өркендеуіне мүмкіндік береді. Және 2018-2020 жылдарға жалпы алаңы 484,4 мың шаршы метрді құрайтын 59 үйдің құрлысы басталмақ. Бұл «Қарағайлының» бұдан арығарайғы оншақты жылдағы дамуына серіпн бермек. «Қарағайлыда» жылумен қамту мәселесі де шешімін тауып жатыр. Бұл үшін биылдан бастап «Терімехзауытының» маңайындағы АҚ-3 қазандығында жөндеу жұмыстары қолға алынды. Бүгінгі күні осы қазандықтың күш-қуатын арттыру үшін 400 млн. теңге бөлініп отыр, яғни 2018 жылы бұл бөлінген қаражаттың алғашқы нәтижелері де көріне басталады. «Қарағайлыдағы» алғаш салынған тұрғын үйлерді жылытуға мүмкіндік бар деген сөз. Барлық шағын аудандарды жылыту үшін АҚ-3 қуаты алдағы екі-үш жыл көлемінде 14 Гкал-ға арттырылады. Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің мамандарының айтуынша, алдағы уақытта «Қарағайлы» ауданына жоғары вольтты желі тартылып, көшелері де жарықтандырылатын болмақ. Осының барлығы да халық игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстар.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив