KZ
Өскемен
+5°
пасмурно жел 2 м/с, СБ
478.54 533.76 5.17

«Қазақстан оқушысы-2017» веложарысы мәресіне жетті

14.08.2017, 03:02 213

Өскемендегі Нұрлы жол саябағында 48-ші дәстүрлі «Қазақстан оқушысы-2017» көпкүндік веложарысының жабылу салтанаты өтті. Бұл күні бір апта бойы Ұлан, Глубокое аудандарының тасжолдарында жүйткіген жас велошабандоздардың жүзден жүйрігі анықталды.


Осымен он жетінші мәрте өңірімізде өткізіліп отырған жарыстың жабылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, Жандос Балтин, облыстық білім басқармасының басшысы Нұргелді Абжаппаров, веложарыстың бас төрешісі Рашид Кәкімов, велотректен Азия чемпионы Александр Лялько және тағы басқалар қатысты. Еліміздің 14 облысынан келген 16 команда, 134 велошабандоз бен Өзбекстаннан келген қатысушылардан құралған командалар шеруін Шығыс Қазақстанның байкерлері ашты. Көпкүндік веложарыстың 7 кезеңі бойынша әрбір команданың қатысушыларынан 3 жеңімпаз анықталып, барлығы 21 велошабандоз жеңіс тұғырынан көрінді. Ал 8-ші кезең нәтижесінде командалық есепте жеңіске жеткен құрамалар анықталды. Атап айтсақ, Жамбыл облысынан келген команда үшінші орынды қанағат тұтса, «Өзбекстан-1» командасы екінші орынды, «Алматы» командасы бірінші орынды иеленді. Сондай-ақ, аталмыш жарыста белсенділік танытқан жамбылдық велошабандоз Роман Дрожинин «Веложарыс көшбасшысы», «Белсенді велошабандоз», «Тау велошабандозы» аталымдары бойынша марапатталды. Ал «Жас велошабандоз» аталымына Никита Конеев ие болса, «Жеңіске деген ұмтылыс» аталымы бойынша Батыр Исматов марапатталды. Жеңімпаздарды аймақ басшысы Даниал Ахметовтің атынан құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова велошабандоздарға алдағы додаларда сәттілік тіледі.


– Олимпиада чемпионы атанған Александр Винокуров, Андрей Кивилев, Марат Сатыбалдиев, Николай Макаров, Игорь Потенко сынды айтулы спорт шеберлері «Қазақстан оқушысы» веложарысына қатысып, шыңдалып шыққан тұлғалар десек қателеспейтін шығармыз. Сондықтан бұл веложарысқа қатысушылардың ішінен еліміздің атын әлемге әйгілі ететін болашақ чемпиондар шығатынына сенімдімін, - дейді Әсем Нүсіпова.


Жарыс қорытындысы бойынша бірінші, екінші, алтыншы кезеңдердің жеңімпазы атанған жамбылдық Роман Дрожинин веложарыстың үздік шабандозы ретінде танылды. Бес жылдан астам уақыт бойы велоспортпен шұғылданып жүрген Романның айтуынша, ол «Қазақстан оқушысы-2017» жарысына алғаш рет қатысып отыр. Александр Винокуровты үлгі тұтатын жас велошабондаз болашақта халықаралық жарыстарға қатысуды жоспарлауда.


– Табиғаты көз тартар осынау өңірге жолым түскеніне қуаныштымын. Велошабандоздармен бірге жарыс жолына шыққан облыс әкімі Даниал Ахметовтың велоспортқа деген құрметі біздің ынта-жігерімізді шыңдай түсті. Мен алдағы уақытта Әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап отырмын. Бүгінгі жеңіс маған әлі талай биіктерден көрінуге күш-жігер бергендей болды, - дейді Роман Дружинин.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив