KZ
Өскемен
+3°
пасмурно жел 1 м/с, СБ
479.23 534.96 5.16

Тарбағатайда қамыс үй панельдерін құрастырып сататын жігіттер бар

11.07.2017, 03:32 159

Қазіргі кезде баспана – басты мәселелердің бірі. Үйді сатып алуға көп қаржы керек. Ал өзіңіз салсаңыз арзанырақ. Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында болғанымызда қамыс пен ағаштан құралмалы үй жасайтын жігіттің бар екенін естіп, арнайы барып кәсібімен таныстық.


Қуаныш Қалибаев деген жас жігіт ауылда ағаш цехын ашыпты. Сол жерде біраз қолынан іс келетін құрдастарын жинап, жұмыс істеп жатыр. «Махамбет» жеке кәсіпкерлігін 2014 жылы ашқан. Былтыр ол «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында 2 жарым миллион теңге шағын несие алыпты. Сол қаржыға Семей мен Астана қалаларына барып, ағаш кесетін және өңдейтін сапалы алты станок сатып алған.


Олар негізгі шикізатты – қарағай тақтайларды Семейден өздерінің жүк көліктерімен тасып әкеледі. Өздеріне қажетті үшінші, төртінші және бесінші мөлшерлі тақтайлар алады. Сол тақтайлардан осындағы цехта түрлі ағаш бұйымдары, атап айтқанда терезелер, есіктер, орындықтар, үстелдер жасалады. Жалпы мұнда тапсырыс берушінің қалауы бойынша ағаштан кез келген затты жасауға болады. Қуаныштың қол астында дәл қазіргі уақытта алты адам бар, олар – өз істерін білетін, ағашпен жұмыс істей алатын кәнігі шеберлер.


– Ағашпен жұмыс істеу оңай іс емес. Ол үшін білім мен біліктіліктен бөлек, ептілік, ағашты сезіне білу керек. Ағаштың бұтақ өскен жерлері кесу кезінде қопарылып, бүкіл тақтайды жарамсыз етіп тастайды, сол себепті шебер ол жерді айналып өтуі керек, – деп түсіндіреді Қуаныш.


Қазіргі кезде тапсырыстар тек осы Ақжар ауылынан емес, бүкіл ауданнан түсіп жатыр. Қуаныштың цехынан шыққан есік-терезелердің, үстел-орындықтардың сапалы әрі әдемі екенін естіп, көрген жұртшылықта сенім пайда болған. Бірақ, Қуаныштың цехынан шығатын басты тауар – үй. Мұнда ортасына қамыс салынған ағаш панельдер жасалады. Ол – үйдің дайын қабырғасы. Қамыс қыста дайындалады, су бетіне мұз қатқанда қамысты кескен ыңғайлы, бір жылға қажетті қамыс қараша мен желтоқсан кезінде, бір ай мөлшерінде дайындалып бітеді екен. Осы панельдерді үй тұратын жерге апарып тұрғызады. Былтыр кәсіпкер 17 үй жасап сатса, биылдың өзінде 9 үйді сатыпты. Жуырда олар аудан әкімінің тапсырмасы бойынша екі пәтерлі үй жасап, құрастырып шыққан. Үй дайын тұр.


Панельдердің бағасы қолжетімді, атап айтсақ құрастырған кезде 1 шаршы метрің құны 3200 теңгені құрайды екен. Айталық, 100 шаршы метрлік үйіңіз 3 миллион теңгеге шығады. Құрап болған соң үйді шатырлап, іші сыртын сылап, әрлеу ғана қалады. Мұндай үйлердің өзге үйлерге қарағанда артықшылығы – табиғи таза, қыста жылы, ал жазда дым болмайды.




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив