KZ
Өскемен
+19°
ясно жел 3 м/с, С
475.03 517.21 5.44

Тегін дәрі халыққа жетпей жатыр. ШҚО

8.06.2017, 18:00 175


«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының денсаулық сақтау мәселелері бойынша комиссиясы мен партиялық бақылау комиссиясының бірлескен отырысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Райфа Сафиоллинованың «Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің шеңберінде дәрі-дәрмекке қол жеткізудің сапасы мен қолжетімдігі» туралы ақпараты тыңдалды.

2017 жылы өңірге республикалық бюджеттің есебінен 7636 549 мың теңгенің препаратын сатып алу жоспарланған. Райфа Сафиоллинованың айтуынша, бұл қаражат науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен жүз пайыз қамтамасыз ете алмайды екен. Басқарма басшысының міндетін атқарушының бұл мәліметі комиссия мүшелерін қанағаттандырмады. Сол себепті олар шенеуніктен бөлінген қаржы туралы нақты мәлімет беруді талап етті.

- 2016 жылы науқастар тегін дәріні қаңтар, ақпан және наурыз айлары бойынша ала алмады. Төрт ай бойы тұрғындар тегін медикаменттерді көрмегеніне қарамастан жыл аяғында бюджет толық игерілді. Екінші мән беретін жәйт, науқастарды сенделтіп қою. Пациенттерге рецепт жазып береді. Ол дәріханаға келсе, препарат болмай шығады. Науқас қайта дәрігерге барады, осылай шыр айналып жүргендері. Тұрғындардан осы мәселеге қатысты арыздар өте көп түсіп жатыр. Медикаменттерді жүйелі түрде босату кестесі дұрыс қарастырылмаған. Мен өзім де денсаулығыма байланысты тегін дәрі алуым керек. Қаңтар мен маусым аралығында мен бар болғаны екі ай ғана тегін дәрі алдым. Осы сұрақтарға нақты жауап беріңізші, - деп мәселені төтесінен қойды облыстық мәслихаттың депутаты Олег Чернышов.

Райфа Сафиоллинованың жауабы комиссия мүшелерінің наразылығын туғызды. Белгілі болғандай, облыста науқастардың бір бөлігі қаражаттың тапшылығынан тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілмейді екен.
- Бюджет науқастардың санына байланысты құралғанымен, диспансерлік есепте тұрғандардың тек 60% -на ғана жетеді, ал науқастардың қалған 40 %-ның қолы тегін дәрі-дәрмекке жетпейді, - деді Р.Сафиоллинова.

Емханаларда дәрігерлер тегін препараттардың барлығына жетпейтінін біле тұра, рецепт жазып бере береді. Шенеунік айтқандай, «кім үлгерсе, сол алады.» Алайда комиссия мүшелері денсаулық сақтау саласы мамандарының халыққа деген қарым-қатынасына сын айтты. Қаражаттың жетпейтінін біле тұра шенеуніктер неге тұрғындарды алдайды, неге оларға түсіндіріп айтылмайды? Кімнің жолы болып, кім дәрісіз қалады?

Еліміздің негізгі заңында басты капиталымыз - адам деп көрсетілсе, Елбасының өзі қазақстандықтардың жасын 2020 жылға қарай 73-ке дейін ұзарту, тұрғындардың денсаулық индексін 20%-ға жеткізу туралы тапсырма берген. Мынадай іс-әрекетпен біз «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген индикаторларға жете алмаймыз.

Депутаттың талап етуімен комиссия мүшелері денсаулық сақтау басқармасына он бес күннің ішінде тегін дәрі-дәрмекке қатысты барлық есептеулерді беруді жүктеді.

Айна Ескенқызы




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив