KZ
Өскемен
+4°
ясно жел 1,5 м/с, В
479.23 534.96 5.16

Өскеменнің студенттері қайыңнан ойыншықтар жасау өндірісін қолға алды

23.05.2017, 18:00 172


Өскемендегі қызмет көрсету саласы колледжінің студенттері бүлдіршіндерге арналған ойыншықтар жасауды қолға алды.

Қайыңнан жасалатын ойыншықтардың бұл түрі балалардың интеллектуалдық қабілеттін арттыруға септігін тигізеді. Колледж директоры Батырхан Құсмановтың айтуынша, студенттердің экологиялық жағынан таза әрі сапалы ойыншықтар жасау туралы идеясын жүзеге асыруға облыстық білім беру басқармасы қолдау көрсеткен.

– Біздің студенттеріміз жасаған ойыншықтардың бағасы базардағымен салыстырғанда әлдеқайда арзан әрі тиімді. Жалпы, тапсырыстардың басым бөлігі «Дарынды балаларға арналған валеологиялық мамандандырылған мектеп-кешенінен» түседі. Теориялық білімдерін өндірістік практикамен ұштастыру арқылы табыс көзін тапқан студенттерге ойыншықты сатудан түскен қаржының 20 пайызы беріледі, - дейді Батырхан Құсманов.

Облыстағы балабақша мекемелері үшін қымбатқа түсетін ойыншықтарды арзан бағада саудалап отырған колледж студенттері алдағы уақытта швейцариялық және жапониялық технологияларды қолданып, түрлі туындылар жасауды қолға алуды жоспарлап отыр. Колледжде ағаш өңдеуші мамандығы бойынша білім алып жатқан Денис Бутыриннің айтуынша, олар бір айда үш ойыншық жиынтығын жасап шығарады.

– Бос уақытымда ойыншық жасаумен айналысамын. Одан бөлек, үй жиһаздарын да жасаймын. Негізі, бүлдіршіндерге арналған бір жиынтықты жасау үшін кемінде 10 күн қажет. Екі мыңнан астам элементтен тұратын интеллектуалды дамыту жиынтығының құны дүкен сөрелеріндегі ойыншықтарға қарағанда әлдеқайда арзан, - дейді Денис Бутырин.

Алтынай Бақытжанқызы




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив