Тұңғыш Президент күні ШҚО Жарма ауданының Шар қаласында Барьян Тұрсынов атындағы орта мектептің жаңа ғимараты салтанатты жағдайда пайдалануға беріліп, мектеп оқушыларына есігін айқара ашты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Екі қабатты, көркі алыстан көз тартатын, 300 орынға лайықталған білім ошағының ашылу рәсіміне аудан басшылығы, ұстаздар қауымы, мектеп түлектері, ата-аналар, жергілікті тұрғындар, алыс-жақыннан келген құрметті меймандар қатысты.
- Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің білім саласының дамуына ұдайы көңіл бөліп, мемлекет тарапынан лайықты қамқорлықты, қаржылай қолдауды жыл сайын арттырып келеді. Биылғы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауында Мемлекет басшысы келер жылдан білім беру саласы қызметкерлерінің еңбекақысы 29 пайызға дейін көбейетінін айтты. Тәуелсіздік жылдарында Жарма ауданында 5 мектеп, 3 мектепке дейінгі білім беру мекемесі салынып, қолданысқа берілді. Бүгін міне, тағы бір жаңа білім беру нысанын салтанатты жағдайда ашып отырмыз. Мұның бәрі Президенттің өскелең ұрпаққа, ел келешегіне деген қамқорлығының нақты айғағы болып табылады, - деді мектептің ашылу салтанатында сөз алған Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықов.
Тұңғыш Президент күніне дөп келген қуанышты шараның барысында мектепке аты берілген Барьян Тұрсыновтың інісі Сұлтан Төреханов, білім беру ісінің ардагері Сара Сембаева, еңбек ардагері, Жарма ауданының «Құрметті азаматы» Ағайша Садығановалар қала тұрғындары мен жиналған қауымды осынау қуаныштарымен құттықтап, ізгі тілектерін арнады.
Мектеп директоры Гүлмира Мағжанқызының айтуынша, мұнда оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдайлар жасалған. Сыныптар жарық, кең әрі жылы. Жиыны 15 оқу кабинеті болса, оның ішінде екі информатика, екі мегафон, бір медиа кабинеті, үш шеберхана, заманауи асхана, спортзал, акті залы, кітапхана бар. Барлық сыныптар толық, екі даярлық тобы, екі кіші топ және бар. Жақында барлық сыныптар ғаламтор желісіне қосылмақ. Мектеп қазандықпен жылытылады, көмір жеткілікті. Мектеп оқушылары облыстық, республикалық өнер, білім байқауларында үнемі жүлделі орындарды иеленіп жүр екен.
Дәурен Аллабергенұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz