KZ
Өскемен
+3°
облачно с прояснениями жел 1,4 м/с, В
479.23 534.96 5.16

Кеңес Одағының Батыры Владимир Мызаға арналған стелла ашылды

7.05.2014, 18:00 163



Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Өскемендегі Кеңес Одағының Батыры Владимир Мыза атындағы көше мерекесі болып өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Бұл - қаладағы әсем де кең көшелердің бірі. Мыза көшесінің бойында қаншама мекемелер мен кәсіпорындар, сауда орындары мен тұрғын үйлер орналасқанын біз жақсы білеміз. Осы көшемен күніне жүздеген адамдар мен көліктер әрлі-берлі толассыз ағылып жатады. Бірақ көше тұрғындарының көпшілігі бұл көшенің аты неге Мыза деп аталғанын білмейтін. Енді, міне, ол олқылықтың орны толтырылды.

Владимир Мыза - Кеңес Одағының Батыры, Қызылтулы атқыштар гвардиялық дивизиясының гвардия капитаны. Ол 1915 жылдың 24-інші ақпанында дәл осы Өскемен қаласында жұмысшы отбасында дүниеге келіпті. Соғыстың алғашқы күндерінен-ақ әскерге аттанған ол 1944 жылдың ақпанында Украина жеріндегі Новоивановка ауылын жаудан азат ету үшін болған шайқаста ерлікпен қаза тауыпты. Осы орайда мереке «Альшемали» сауда үйінің алдынан Кеңес Одағының Батыры Владимир Мызаға арналған стелланың салтанатты ашылуымен басталды. Бұл стелла қалалық мәслихаттың депутаты Сергей Коротиннің демеушілігімен бой көтергенін де айта кеткеніміз орынды.

- Өсер ел өз тарихын ұмытпауы тиіс. Осыдан 69 жыл бұрын Ұлы Отан соғысы аяқталған болатын. Бұл соғыс бұрынғы Кеңес Одағы елдеріне үлкен зардап әкелді. Көптеген аталарымыз бен әкелеріміз қиян-кескі ұрыста қаза тапты. Осынау Жеңіс күні мерекесі қарсаңында қаламызда көптеген шаралар ұйымдастырылуда. Сол шаралардың бірі - осы Владимир Мыза атындағы көше мерекесі. Мен осы мерекені өткізуге атсалысқан кәсіпкерлерге облыс, қала басшылығы атынан үлкен алғысымды айтамын, - деген қала әкімі Темірбек Қасымжанов жиналған қауымды мерекемен құттықтады.

Сондай-ақ, Владимир Мызаға арналған стелланың орнатылуына қаржылай қолдау көрсеткен қалалық мәслихаттың депутаты Сергей Коротин де жиналған жұртшылықтың алдына шығып, жылы лебіз білдірді.

- Біз тарихқа көз жіберіп, сол бір қиын кездерді еске алғанда, отандастарымыздың ерлігіне сүйсінбей қоймаймыз. Біз өз жерлестерімізбен мақтануға тиіспіз. Отанға деген махаббат біздің жүрегімізде әркез бүр жарып, гүлдеп тұруы тиіс, - деді ол.

Бұдан кейін Шығыс Қазақастан облысы әкімі бастаған топ осы көшеде орналасқан бірқатар сауда орындарын аралады.

Көше мерекесіне арналған бағдарламаның да ауқымы кең болды. Көңілді концерт пен спорттық сайыстар, қолөнер шеберлері мен суретшілердің, фотографтар мен нумизматтардың көрмелері көпшіліктің ықыласына бөленді. Асфальтта балалардың салған суреттерінің негізгі тақырыбы да бейбіт күнге арналды. Сондай-ақ, осы күні Мыза көшесінде орналасқан дүкендерге барған тұтынушыларға тауарлар 50 пайызға дейін жеңілдікпен сатылды.

- Мұндай мерекені өткізудің үлкен маңызы бар. Тағдырың мен тарихыңды кейінгі жас ұрпақтың санасына осылай сіңіре беру керек. Мыза секілді ержүрек адамдар болмаса, бізге мынау бейбіт күн арман болушы еді. Оның үстіне осындай шаралар барысында көше тұрғындары да бірінбірі жақсы танып, сыйласа бастайды, - дейді көше тұрғыны Гүлзия Шайкина.

Мейрамтай Иманғали
Источник: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив