KZ
Өскемен
+4°
пасмурно жел 1 м/с, С
478.54 533.76 5.17

«Университет аруы-2014» анықталды

31.03.2014, 18:00 203



Наурыз айының 31-күні Семейде «Студенттік көктем-2014» фестивалінің аясында «Парасат» интеллектуалды пікір-сайыс клубы мен Қазақстан студенттер Альянсының ұйымдастыруымен «Университет аруы-2014» байқауы болды. Семей қаласының Шәкәрім атныдағы университетінің әрбір факультетінен 8 ару қатысып, қызықты әрі тартысты сайыс өткізді. Арнайы қалалық сән үйінен шақырылған қонақтар мен студенттік парламент мүшелері қара қылды қақ жарып, сұлуларға өзіндік бағаларын берді. Әсемдігі мен қылығы жарасқан сегіз қыздың байқауын Нұржанның Қуанышы мен Төлегеннің Айзаты жүргізді.

Байқауға қатысушы нәзік жандылар сегіз түрлі сыннан өтті. Олар: қыздардың ата-тегін таныстыру мақсатында ұйымдастырылған «Мен – қазақтың қызымын», қамыр илеп, бауырсақ пысыру ептілігін анықтау үшін «Ас адамның арқауы», сұлулардың өз қиялынан туған ою-өрнектерді мата бетіне түсіріп, оны қазылар алқаларының алдында қорғаған «Ана көрген тон пішер», жеребе арқылы таңдалған салт-дәстүрлердің актерлық шеберліктерін танытуға арналған «Салт-дәстүр», қазақ қызына тән өнердің барлығын бойына жиған арулардың өнерін тамашалау үшін «Өнерлі өрге жүзер», ұлттық тағамдар мен жолдауды насихаттау барысында «Білгенге маржан», арулардың сән киім үлгілерін сахнада көрсету өнеріне машықтандыру мақсатында ұйымдастырылған «Қыздарға әсемдік жарасады» сынды сайыстар еді.

«Университет аруы-2014» анықталды

Сайдың серке тасындай боп келген Калижарова Жадыра (ФФ), Жұмагелді Ботагөз (ИТФ), Мұратбекова Ақбота (ФЕН), Ахметжанова Сандуғаш (АФ), Мүбаракова Ботагөз (ИКТ), Өмірзақ Өркен (ПФ), Оралғазықызы Гүлім (ФМФ), Назынбекова Мөлдірлердің (ГЗФ) байқауға өте жоғары деңгейде, тыңғылықты дайындалғандары бірінші сайыстан бастап-ақ көрініп тұрды.

Сахнадан тыс уақытта өткізілген сайыстардың нәтижелерін ұйымдастырушылар бейнежазба арқылы барша көрерменге ұсынып отырды. Алғашқы таныстыру сайысынан бастап-ақ филология факультеті, «Қазақ әдебиеті» кафедрасының 1 курс студенті Калижарова Жадыра әділқазы алқалары мен көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. «Мен – қазақтың қызымын» сайысында ерекше жаңа ашылған гүлдің қауызынан шыққан Жадыра жиылған жұртты таң қалдырды. Бауырсақ пісіру кезінде өзінің пысықтығын, қонақжайлылығын дәлелдеген қызымыз, оюды кестелеу барысында да аса бір жоғарғы талғамды таңдағаны көрінді. Өнер сайысында Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясынан монолог оқыған қатысушы өзінің актерлық шеберлігінің арқасында жынданған әйел образын аша білді. Ал салт-дәстүрді насихаттау мақсатында ұйымдастырылған сайысқа сыңсуды сахналап, өзінің әсем әрі ырғақты даусымен залдағы бойжеткендердің көзіне еріксіз жас алдырды. Елбасы жолдауы мен ұлттық тағамдар жөнінде қойылған сұраққа да кідірмей жауап беріп, қарсыластарынан оза шапты. Ал соңғы «Қыздарға әсемдік жарасады» бөлімінде сахнада жүру мәдениеті мен қылықты әрекеттері арқылы Жадыра мықтылығын мойындата білді.

«Университет аруы-2014» анықталды

Кез келген байқау қатысушылардың қайраттылығына, белсенділігіне байланысты тартысты өтпек. Бүгінгі қыздар сынының жоғарғы деңгейде өтуі дәл осы қыздардың табандылығының, жеңіске деген құштарлығының арқасы деп тануға болады.

Бүгінгі күнге шейін әлеуметтік желілерде ұйымдастырылған ашық түрдегі дауыс беру қорытындысы бойынша Өмірзақ Өркен (ПФ) «Көрермендер көзайымы» номинациясын жеңіп, ұйымдастырушылар алқасы дайындаған арнайы сыйлықты иеленді.

Ал, Инженерлік-технологиялық факультеттің студенті Ботагөз Жұмагелді «Білімді ару», Сандуғаш Ахметжанова «Өнегелі ару», Мөлдір Назынбеова «Нәзік ару», Ботагөз Мүбаракова «Шеберлі ару», Ақбота Мұратбекова «Сымбатты ару» аталымы бойынша марапатталды.

«Университет аруы-2014» анықталды

Сайыстың шырқау шегі, яғни қазылар алқасының шешім шығарар кезінде ұйымдастырушылар көрермендерді сергіту үшін «Бауырсақ батыл» ойынын ойнатып, нағыз қазақтың алпауыт жігітін анықтап, ұялы телефонына бірлік табыс етті. Ал, «Сырлы саз» дуэті зал көрермендерін өздерінің әсем дауыстарымен тәнті етті. Дәл осылай дүйім жұртқа тамаша көңіл-күй сыйлау үшін «Рахмет» КВН командасы сахнада өнер көрсетті.

Ай десе аузы, күн десе көзі бар аймандай сегіз қыздың көрсеткен өнерлерінің кемшілік және ерекше тұстарын айту әділ қазы алқаларының еншісінде еді. Сымбатты, инабатты, өнерлі, шебер сынды әр түрлі номинациялармен марапатталған ару қыздардың барлығы да қалалық байқауға өтуге лайықты. Дегенмен жарыста жеңу мен жеңілудің қатар жүретінін ұмытпаған да абзал. Сонымен, сайыс қорытындысы бойынша «Университет аруы-2014» атағын жеңген Филология факультетінің студенті Жадыраға арнайы тәжді тапсыру үшін «Семей аруы – 2013» байқауының жүлдегері Дулатова Алина сахнаға шақырылды. (Алдымызда өтетін қалалық байқауға Жадырамен қатар физика-математика факультетінің аруы Оралғазықызы Гүлім де жолдама алды.)

Өткен «Жігіт сұлтаны-2014» байқауында бас жүлдені иеленген Серікбай Ермек Жадырадай қыздың тобынан екендігін де айта кеткен жөн. Бұл - ұлы мен қызының қуанышын бөліскен куратор Әсемгүл Әбділманатқызының сіңірген еңбегі деп білуге болады. Филология факультетінің ұжымы Жадыра мен Ермектің қалалықта да бас жүлдені қанжығаларына байлайтынына сенімді әрі тілектес.

Данагүл Байболова
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив