KZ
Өскемен
+4°
пасмурно жел 1 м/с, С
478.54 533.76 5.17

Өмірімізді жасайтын - сөздер...

18.11.2013, 18:00 240


Өмір философиясын түсінуге деген іштей ынта ма, әлде, басқа жағдайдан туған әдет пе екен, білмедім, әйтеуір, күнделікті ғаламтор беттерінен қанатты сөздерді қайталап оқуды дағдыға айналдырғаным бар. Олардың әрқайсысын бір ғана эсседе талдауға келмес, сондықтан осы жолы тек біреуіне тоқталайын. Қазір сөздің сиқырлы күші жайлы ой толғамақпын.

Құдайдың берген сыйы осы екен деп оңды-солды, жақсылы-жаманды, былапыт сөйлеуді әдетке айналдырғандар аз емес. Ал аузымыздан шыққан әр сөз өмірімізге, тағдырымызға қаншалықты зор әсер ететінін білеміз бе? Ашып айтсам – былай. Адамдардың үнемі бір нәрсеге көңілдері толмай жүреді. Кішкентай нәрсе қит етсе болғаны, дүние қирағандай күйге түсіп өмірге налу басталады. Пенделер-ау, өз-өздерімізге жоқ жерден проблема шығаруды қашан қоямыз? «Айтылған сөз – материалданады» дегенді барлығы білетін болар. Сөздердің орындалатын қасиеті бар. Мысалға, бір сабақтан бір-екі рет нашар баға алып қалдың делік, «фуф, мына мұғалім маған үнемі жаман бағалар қоя береді» десең, ол орындала береді. «Ақшадан қысылып біттім, біраз болсын ақшам болса ғой» десең де, құдай саған біраз ғана ақшаны бұйыртады. «Соңғы кезде жұбайым маған мән бермейтін болды» дей берсең, жарың саған көңіл аударғысы келсе де, себептен себеп шығып қалып, назар аудармай қоюы ғажап емес. «Періште «әмин» десе болғаны, айтып отырған кез келген сөзіміз орындалады» деген тәмсіл де осы емес пе? Періште «әминін» айтқанда біз неге өмірімізге негатив кіргізуіміз керек, одан да жақсы сөз үстінде ұсталып қалсақ, өміріміз ертегідей болмай ма?

Ал біреуді жамандау, өсек айту, сөгу ше? «Он күнәнің тоғызы – тілден, он сауаптың да тоғызы – тілден». Біреуді ғайбаттау деген үлкен күнәлардың бірі, ал күнәлардың барлығына Алла ертелі-кеш жазасын береді. Біз асығамыз, ал Алла асықпай ғана ойланып барып, барлығын (сауапты істерді де, күнәлі істерді де) 10 есе қылып алдыңа қайтарып береді. Кейде, тіпті, ашу үстінде біреуге қатты айтып та жіберетін жағдайлар кездеспейді емес, сүйектен бір өткен сөз көңілде мұз болып қатып қалып, жүректің түбінде тасқа айналып қала бермей ме? Жылы айтылған сөздер ше? Жылы айтылған сөздер, біреудің жүрегін жылытып, өмірге деген құштарлығын, өзіне деген сенімін арттырмай ма? Арттырады. Ал адамдардың жүрегін жылытып, қуаныш сыйлай білу – нағыз бақыт. Бұл жайында бір ғұлама: «бойыңдағы барша жағымды эмоцияны қоршаған ортаңа, әлемге тарту ет, сонда әлем саған өзінің бар жақсысын тарту етеді» деген екен.

Өмірімізді жасайтын - сөздер...

Сөздің сиқырлы күшін тілге тиек қылғанда, айта кететін тағы бір жайт: кейбіреудің күнделікті сөз қолданысына еніп кеткен «ақымақ, қайыршы, жынды, топас» сөздерін қайта қайта айта бергенде, өз бойына ақымақтықты немесе тағы басқасын еңгізіп алатыны бар екен. Сондықтан, бұл сөздерді сөздік қорымыздан бірінші кезекте алып тастау керек екен.

Ойымды түйіндей келе айтарым – осы. Аузымыздан тек жақсы сөздер шықсын, әрдайым өмірге разы болып жүрейік, сонда сәтсіздіктерді де, жамандардың ақылсыздығын да елемейтін боламыз. «Аққа құдай жақ». Ешқашан ешкімді сөкпе, өсектеме, ауыр сөз айтпа.

Егер сен өміріңді, өзгелердің сен жайлы пікірін өзгерткің келсе, алдымен, аузыңнан шыққан әр сөзді бақ. Сөзімізге қарап өзгелер бізді таниды, сөзіміз арқылы біз өз өзіміз өмірімізді жақсартамыз. Сондықтан, ойымыз таза, сөзіміз түзу, киелі болсын.

Әсел Асқарқызы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив