KZ
Өскемен
+6°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, З
478.54 533.76 5.17

Шығыс Қазақстан облысы әкімі әлеуметтік нысандардың құрылыс барысымен танысты

6.08.2013, 18:00 215


Шығыс Қазақстан облысы әкімі Бердібек Сапарбаев Өскемен қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, жүргізіліп жатқан құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Облыс басшысы алдымен Молдағұлова көшесінің бойында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысын аралап көрді. Аталған үйлерді «Профит-21», «ЮКО» ЖШС-тері салып жатыр. Мердігерлердің айтуынша, қазіргі кезде құрылыс-тың 95 пайызы аяқталған. Бүгінде бөлмелердің есіктерін орнату жұмыстары басталыпты. Құрылыстың алғашқы кезегі тамыз айынан бастап тапсырыла бастайды. Үш үй-дің бірінің шатыры жартылай жабылып үлгермеген екен. Сондай-ақ, бір подъездің пәтерлеріне сылақ жұмыстары әлі жүргізілмеген. Бұл үйлер «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы баспанаға зәру отбасыларға берілетін болады. Облыс басшысы мердігерлерге жұмыс барысын тездетіп, тұрғын үй кешенінің ауласы мен маңайын көріктендіру жөнінде тапсырма жүктеді.
Шығыс Қазақстан облысы әкімі әлеуметтік нысандардың құрылыс барысымен танысты
Аймақ басшысы 19-шағын ауданда «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша шағын отбасыларға арналған және «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша салынып жатқан тұрғын үй құрылысымен танысты. Өскемен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің басшысы Сәуле Жүнісбекованың айтуынша, 60 пәтерлі тұрғын үйдің 47 пәтері – 1,5 бөлмелі, қалғаны – 2 бөлмелі пәтерлер. Тұрғын үй негізінен жетім балаларға, 29 жасқа дейінгі жас отбасыларға және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға арналған. Қазіргі кезде аталған тұрғын үйден баспаналы болуға 15 жетім бала өтініш берген екен. Коммуналды тұрғын үй кезегінде тұрған жастар да үмітті. Облыс басшысы аталған үйге өзге қалаларда оқу бітірген жас мамандарды орналастыру мүмкіндігі туралы сұрады. Алайда, құрылыс шегіне жетіп қалғандықтан, нысанды қабылдау мерзімі жақын қалды, оның үстіне мамандардан бұған дейін Өскеменде кем дегенде үш жыл тұруы сұралады.
Шығыс Қазақстан облысы әкімі әлеуметтік нысандардың құрылыс барысымен танысты
– Облыс орталығында сегіз мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Сондықтан, біз құрылысы аяқталған тұрғын үйлерді бөлуге мұқият болуымыз керек. Көп жыл үй кезегінде тұрған жандарды, облысқа қажетті жас мамандарды, олардың үйге қажеттілігімен бірге, төлем қабілетін де ескеруіміз, жіті сараптауымыз қажет, – деді Бердібек Сапарбаев.

Аймақ басшысы Өскемендегі қан орталығында болды. Жобалық-сметалық құжатқа сәйкес бөлінген қаражаттың 95 пайызы игерілсе де, «Құмаров и К» ЖШС жүргізіп жатқан орталық құрылысы кешеуілдеп келеді. Мұндағы мәселе – жерасты қыртысының кейбір бөлігі тұтастай тасты болып келуіне байланысты инфрақұрылымдық желілерді тартуда көп қиындық тууда. Мәселен, құрылыс техникалары бұзыла береді. Компания жетекшісі Манарбек Құмаровтың айтуына қарағанда, құрылысты толығымен аяқтау үшін қосымша 175 млн. теңге қаражат қажет. Осыған орай, облыс басшысы компания жетекшісіне бірқатар сын айтты.

– Байқауға қатысқанда, жер қыртыстарына жасалған геологиялық барлау нәтижелерін айтқан жоқсыздар. Облыстық сот ғимаратынан басқа мойындарыңызға алған құрылыс нысандарын әлі тапсыра алмай келесіздер. Глубокое ауданындағы аурухана, Өскемендегі қан орталығы, Шығыс ауылындағы тұрғын үйлер, ауыз су құбырлары тағы бар, ешқайсысын аяқтаған жоқсыздар, – деді облыс басшысы.
Сондай-ақ, облыс Әкімі драма театрының құрылысымен танысты. «АДС» компаниясының вице-президенті Жомарт Сүйіндіков Ресейден сатып алынатын жабдық жеткізілмейінше, театр құрылысының кешеуілдейтінін айтты. Компания басшылары аталған жабдықтың қаржысын жартылай төлеп қойған екен. Қалған ақшасын несие алу арқылы төлемек. Мердігерлер инфрақұрылым желілерінің жобалау-сметалық құжаттары бекітілмей, кешігіп жатқаны барлық жұмысты кейінге шегеріп отыр дейді.

«Озеленитель» ЖШС орналасқан аумақта Неке сарайы бой көтереді.

Аймақ басшысы облыстық құрылыс басқармасының басшысы С.Төленбергеновке Неке сарайының алды шаңырақ көтерген жұптар мен қала қонақтары сейілдейтін көрікті орындардың бірі болуы, сарай құрылысының жаңа облыстық мешітпен бір белдеуде орналасуы, Неке сарайының қос қанаты ретінде мешіт пен «Арзан» көтерме сауда дүкені аралығында адамдардың тынығуына арналған жағдай жасалуы қажеттігін ескертті.

Облыс басшысы сондай-ақ, Жекпе-жек сарайы мен Жеңіл атлетика манежінің құрылыстарымен танысты. «Имсталькон» және «Алтайстрой» ЖШС-тері спорттық нысандар-дың құрылысын кестеге сәйкес жүргізуде. Қазіргі кезде жеңіл атлетика манежіне құрал-жабдықтар сатып алуға әзірлік жұмыстары пысықталып жатыр.

Сонымен қатар, облыс әкімі «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында кәсіпкер Ұлықбек Шабданұлы салып жатқан жабық бассейн құрылысымен, Металлургтердің мәдениет сарайындағы күрделі жөндеу жұмыстарымен және Тәуелсіздік көшесінің бойымен Бажов көшесіне дейінгі жарықтандыру, трамвай желілерінің үлгілерімен танысты.

Думан Анаш

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив