KZ
Өскемен
+17°
туман жел 2 м/с, ОШ
478.58 520.84 5.44

Шығыс Қазақстанда үш тілді үндестірген жастардың үздіктері анықталды

16.04.2013, 18:00 193


Өскемен қаласындағы Достық үйінде үш тұғырлы тіл ұштасқан сайыс өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Нақтырақ айтсақ, қазақ, орыс, ағылшын тілін еркін меңгерген жастардың арасында өтті бұл бәсеке. Өскемен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мұрындық болуымен өткен шарада жоғары оқу орындары мен колледждердің он үміткері бақ сынады. Дәл осы тұста көп тіл білетін жастардың біліктілігін айқындайтын мұндай сайыс шаһарда бірінші рет өткенін айта кеткен жөн. Сондықтан болса керек, қатысушылар мүмкіндігінше дайындалып келіпті.

Төрт кезең бойынша өткен сайыста ең әуелі қатысушыларға мемлекеттік тілде тарихи, қоғамдық-саяси тақырыптарды қамтыған сұрақтар қойылды. Шынын айту керек, тек көп тілді білетіндігін көрсетем деп келген сайыскерлерге бұл кезең ауырлау соқты. Сайыскерлердің кейбір қарапайым сұрақтардан сүрініп жатқандары оған дәлел болғандай еді. Бірақ қатысушылардың әртүрлі ұлт өкілдері екеніне қарамастан, қазақ тілін меңгеруі жақсы деңгейде екен. Сайыстың бұл бөлігінде барлық қатысушылар сахнаға ұлттық киімдермен шықты.

Тіл сайысының екінші кезеңінде орыс тілінде сайраған жастар қазақ халқының салт-дәстүрлерін қаншалықты білетіндерін көрсетсе, үшінші кезеңде еліміздің әр облыстарының ерекшеліктері туралы ағылшын тілінде диалогпен жеткізді. Ал соңғы кезеңде жүлдеден үміткер әр сайыскер өз тілінде ерікті өнер көрсетті.

Сайыс қорытындысында Дәулет Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың магистранты Бақыт Злобин жеңімпаз атанды.

– Бұрындары мен мемлекеттік тілде өтетін сайыстарға көп қатысатынмын. Бірақ мен үшін бұл жолғы сайыстың орны бөлек. Өйткені, өзімнің көп тіл білетіндігімді көрсетуге мүмкіндік алдым. Менің ұлтым орыс болса да, жаным – қазақ, – дейді Бақыт ерекше қуанышпен.

Ал сайыстың І орнын КАЕУ-дің намысын қорғаған Айсұлу Әбдібаева, ІІ орынды Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың студенті Шыңғыс Сағдашев, жүлделі ІІІ орынды Шығыс Қазақстан аймақтық университетінің студенті Екатерина Орлова еншіледі.

Жүлдегерлердің барлығына бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Мұратхан Кенжеханұлы

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив