KZ
Өскемен
+3°
облачно с прояснениями жел 1,8 м/с, В
479.23 534.96 5.16

Тілге жүйрік зейнеткерлер

10.12.2012, 18:00 105


Облыстық Достық үйі мен Өскемен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру мақсатында түрлі этномәдени бірлестіктердің зейнет жасындағы өкілдері арасында «Тілге құрмет – елге құрмет» тақырыбымен қызғылықты сайыс өтті.

Оған қаладағы мемлекеттік тілді бір кісідей меңгерген беларусь, корей, орыс, татар және тағы да басқа ұлт өкілдерінің өнерпаздары қатысып, өзара бақ сынасты. Сайыстың мақсаты – көпұлтты мемлекетімізде тіршілік етіп жатқан өзге ұлт өкілдеріне, әсіресе, жас буынға мемлекеттік тілді дамытудың маңыздылығы мен қажеттілігін насихаттау.


«Тегімді менің сұрасаң...», «Бірінші Президент», «Салт-дәстүр – ұлттық келбетің», «Өркен басы – өнер» атты төрт бөлімнен тұратын сайысқа қатысушылардың әрқайсысы өздерінің ұлттық киімдерімен сахна төріне шыға келгенде жиналғандар ду қол шапалақпен қарсы алды. Әрине, сайыс болғасын біреулер оза шауып, бәйге алып жатса, енді біреулердің оларға қызыға қарайтындығы белгілі.


Ал сайыскерлерге, олардың азды-көпті дайындықтары мен ең бастысы, мемлекеттік тілге деген құрметтері мен талпыныстарына арнайы жасақталған қазылар алқасы тиісті бағаларын бере білді. Сайысқа қатысқандардың барлығы «қазақ тілінің қаймағын бұзбай, тілдерінен бал тамызып, көпшілік күткен үдеден шықты» десек, асыра айтқандық болар. Дегенмен, егде жасқа келіп, бұл күнде бір шаңырақтың отағасы, әйтпесе, атасы мен әжесі атанып отырған зейнеткерлердің сайысқа барынша зейінділікпен дайындалып келгендіктері байқалып тұрды. Тартысты өткен бәсеке барысында жаттап келгендерін ұмытып қалған немесе сөз бен сөздің орындарын ауыстырып алған небір күлкілі жағдайлар да орын алып жатты. Алайда, залдағылар да, қазылар алқасы да мұндай олқылықтарға барынша түсіністікпен қарады.
Төрт кезеңнен тұратын байқау өз мәресіне жеткенше қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, тұрмыста қолданылатын бұйымдары мен мемлекеттік рәміздері жайында жан-жақты мағлұматтар айтылып, әсем әндер шырқалды.

Дегенмен, облыстық білім басқармасы мен тіл үйрету орталықтарының өкілдерінен жасақталған қазылар алқасы сайыстың бас бәйгесіне корей ұлттық орталығының атынан сынға түсіп, көпшіліктің көңілінен шыға білген Павлина Цойды лайық деп шешіпті. Шынымен де, Павлина Цой сайыс барысында өзіне қойылған сан алуан сауалдардың барлығына дерлік сауатты да, салиқалы жауап берген болатын.

Жүлделі бірінші орынды бала жасынан Тарбағатай ауданында өсіп-өніп, қазақ тілін мейлінше жатық меңгерген орыс ұлтының өкілі Степан Карпеев иеленді. Беларусь этномәдени бірлестігінің атынан сынға түскен Галина Кравченко екінші жүлдеге қол жеткізсе, үшінші орынды Лев Старков жеңіп алды.

Жүлдегерлер мен сайысқа қатысқандардың барлығына бағалы сыйлықтар табыс еткен қазылар алқасының төрайымы Роза Дәуітқызы ұйымдастырушылар атынан байқауға қатысқандарға зор ризашылық білдірді.
[

Серік Құсанбаев

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив