KZ
Өскемен
-1°
ясно жел 1,2 м/с, ОШ
479.23 534.96 5.16

Мөлдір СӘПИЕВА: Бұрын Серікке "боксты қойсаңшы!" дейтінмін

19.11.2012, 18:00 103


Лондон олимпиадасының чемпионы, Вел Баркер кубогының иегері Серік Сәпиев есімі қазаққа ғана емес, әлемге мәшһүр. 69 келі салмақ дәрежесінде шаршы алаңда атой салған сыралғы спортшы қазақ боксының мақтанышы екенін бокссүйер қауым жақсы біледі. Біздің бүгінгі әңгімеміз әлемді дүр сілкіндірген олимпиада чемпионының жары Мөлдір ханыммен өрбіді.

- Болашақ жарыңызбен танысқанға дейін Абай қаласында тұратын танымал боксшы туралы естіп пе едіңіз?

- Кішкентайымнан спортқа аса қызығушылығым болмағаннан кейін бе, Серік туралы мүлдем білмейтінмін. Сол кезде әлем чемпионы ретінде есімі белгілі болғанымен атын құлағым шалмапты (күлді). Танысуымыздың өзі кездейсоқ болды. Кешкілік қаладағы демалыс орындарының бірінде Серік достарымен жүр екен. Мен құрбыларыммен сол жерге барған болатынмын. Содан ол мені биге шақырды. Таныстығымыз осылай басталып, кейін үнемі үйге шығарып салып жүрді. Сөйтіп жүргенде біз отбасын құру туралы шешімге келдік. Ол уақытта мен әлі студент едім.

- Отбасын құрғаннан кейін Серікке «боксты қойсаңшы» деп айтқан кездеріңіз болды ма?

- Бастапқыда түсінбегеннен бе, «мүмкін доғарарсың» деп бір-екі рет айтқаным бар. Бірақ Серік боксты өмірімнің мәні деп білетін. Содан болар, қолғабын шегеге ілген жоқ. Ал Бейжің Олимпиадасындағы сәтсіздіктен кейін спорттық жолын жалғастыру туралы ойына «өзің біл» дедім.

- Екі дүркін әлем чемпионының жары болған кезбен Олимпиада чемпионының жары болған сәттің айырмасы бар ма екен?

- Танымалдылығы артқан сайын адамдар көшеде танып, амандасып жатады. Бұрындары спортқа қызығушылығы барлар ғана «Сәпиевтің әйелі» деп саусағын шошайтатын. Лондон Олимпиадасынан кейін қайда барсаң да, танып, суретке түсіп жатады. Бұл Серіктің жеңісін бағалау шығар (күлді).

- Рингте қарсылас шыдатпайтын гүрзі жұдырықты боксшының жарына деген алақаны аялы ма?

- Оның үйде болған кезінен гөрі, түзде жүрген кездері өте көп. Сондықтан оны өзімізде таппай қаламыз. Серік үйде аяулы жар, абзал әке. Арасында «жаным» деп еркелетіп тұрады (күлді).

- Жарыңыз жарысқа кеткенде қалай қолдау көрсетесіз?

- Үйден жақсы көңіл-күймен шығарып салып, жарыста топ жаруын тілеймін. Әрбір жекпе-жегін теледидар арқылы тамашалап, жақындарымызбен бірге үйде тақым қысып отырамыз.

- Жақын күндері Серіктің шаңырағына рингтегі басты қарсыласы ресейлік Андрей Замковой қонаққа келгені рас па?

- Серіктен Миланда өткен әлем чемпионатында басым түскен спортшы туралы аз-маз білетінмін. Лондон Олимпиадасынан кейін Серік ол туралы айтқан. «Басты қарсыласым болғанымен, ринг сыртында доспыз. Жақсы араласамыз», - дейтін. Тіпті, ресейлік боксшыны Серік Қарағандыға қонаққа да шақырған еді. Өкінішке қарай, Андрей Қарағандыға келе алмады.

- Қазір сіз үшін ең сүйікті спорт түрі қандай?

- Қазіргі уақытта мен үшін бокстан асқан спорт жоқ. Шаршы алаңда атой салып, тек қолмен ғана емес мимен де жұмыс істеп, әдемі өнер көрсету қай кезде болмасын адамды жақсы күйге түсіреді.

- Жас күніңізде қай спорт ұнаушы еді?

- Үлкен теннисті жақсы көретінмін. Әлемдік жұлдыздардың ішінде Серена Уильямс, Марина Шараповалардың ойындарын ара-тұра тамашалаймын.

- Армаңыңыз қандай?

- Елімізде тыныштық, бейбітшілік болса, одан асқан арман жоқ шығар.

- Серік Сәпиев 2016 жылы Олимпиада чемпионы болса деген арман бар шығар мүмкін?

- Ондай «ерекше» арман туралы әлі Серіктің өзі де ойлай қоймаған шығар. Шыны керек, бұл туралы ойланып көрмеппін.

- Олимпиада чемпионының жары қандай кәсіппен шұғылданады?

- Жоғары оқу орнын заң мамандығы бойынша бітіргенмін. Бірақ үй шаруасында баламен отырмын. Бұйырса, тағы бір кішкентайымыздың өмірге келуін күтіп отырмыз.

Әңгімелескен - Жанкелді ҚАРЖАН, "Халық сөзі" газеті

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив