KZ
Өскемен
-1°
ясно жел 1,1 м/с, ОШ
479.23 534.96 5.16

Шығысқазақстандық төрт балуан топ жарды

12.11.2012, 18:00 142


Талдықорған қаласында дзюдодан өткен Қазақстан чемпионатында біздің облыстың төрт балуаны шеберліктерін дәлелдеп, топ жарып шықты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі. Бес күнге созылған ел бiрiншiлiгiне елiмiздiң барлық аймағынан 500-ден аса балуан қатысты.

73 келi салмақта біздің облыстан Елдар Зәріпханов пен жамбылдық Ертуған Төренов арасындағы айқас аса тартысты өтті. Жеңіс үшін қабілет-қарымын аямайтын екеуі де бір-біріне сайма сай екен. Елдар татами үстіндегі белдесуде айласын асырып, бірінші орынды жеңіп алды. 100 келiге дейiнгi салмақ дәрежесіндегі шешуші жекпе-жекте өскемендік Талғат Әмiренов пен қостанайлық Мұрат Кеңтонов кездесті. Талғат бұл салмақта ең мықты балуан екенін дәлелдеді. Намысты қолдан бермеу үшін ширығып шыққан Айбек Нұғымаров абсолюттiк салмақта жеңімпаз атанып, 100 келiден жоғары салмақта қола жүлдемен шектелдi. 60 келi салмақта Еркебұлан Қосаев үшінші орынды иелендi.

Қыздар арасындағы жарыста жақсы қырынан көзге түскен өскемендік Алина Тен (57 келi) татамиге шыққан сайын асқан шеберлік көрсетіп, бірінші орынды иеленді. 78 келiден жоғары салмақта Зульфия Мұхамедиярова екінші орын алды. Сондай-ақ Меруерт Иманғалиева (48 келi) мен Жiбек Атаева (63 келi) үшінші орынды еншіледі.

Дзюдодан ұлттық құраманың жаңа сайланған бас бапкерi - неміс маманы Флориан Велич осы чемпионатқа қатысқан балуандардың татами үстіндегі айқастарын, әдіс-айласы мен күш-қайратын қадағалап отырды. Ол енді елiмiздiң ұлттық құрама командасына лайықты балуандардың басын қосып, оқу-жаттығу жиындарын өткізбекші.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив