KZ
Өскемен
+4°
ясно жел 1,5 м/с, В
479.23 534.96 5.16

Түнде мешіттен қайтқандарды тегін тасып жүр

16.08.2012, 18:00 112


Семейдегі «Таксомотор паркі» серіктестігінің директоры Асқар Ширяев Рамазан айында тарауық намазын оқып шыққандарды үйлеріне тегін жеткізіп беруді мойнына алып отыр, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Осынау қасиетті айда шамасы келгендер ораза ұстап, тарауық намазына жығылады. Орталық мешітте тарауық намазы түнгі оннан он бірге дейін оқылып жүр. Бұл кезде қоғамдық көлік тоқтап қалатындықтан жыл сайын жиналған қауымға үйлеріне қайту қиындық туғызатын. Биыл бұл проблема кәсіпкер Асқар Ширяевтің көмегімен шешіліп отыр. Ол екі автобусты жұртшылық игілігіне ұсынған.

– Түнде такси қызметі қымбаттайды. Сөйтіп, кейбіреулерге үйлеріне жаяу қайтуға, екі-үш сағат жол жүруге тура келген. Бүгінде мұндай проблема жоқ. Асқар баламызға көп рақмет, үйімізге тегін жеткізіп салады, – дейді Қазбек Кәкімов. Ал қаланың сол жағалауындағы Юность кентінде тұратын Нағима Сәдуақасова апаның айтуынша, ол әу баста тарауыққа бармай-ақ қояйын деп ойлаған. «Осындай тегін автобус бар екенін естіп, екі көршісімен бірге мешітке келіп жүр. Намазға жастар да көп келеді. Жүргізуші балаларға рақмет, қарияларды үйлеріне дейін жеткізіп салады. Асқар Ширяевке аналық алғысымды айтамын» дейді ол.

№201 автобус жүргізушісі Мақсұт Ақмолдин мешітке бірнеше қайтара келіп, адамдарды тасумен айналысады. «Кейде салон лық толады, ал кейде екі адам ғана отырады. Өйткені, тұрғындардың тарауық намазына жиналуы әрқилы. Бірақ біз аз-көп демей кез келген адамды үйіне жеткізіп саламыз. Түнгі автобустар Шығыс кенті, Водный ауылы, Мирный кентіне дейін барады» дейді ол.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив