KZ
Өскемен
-1°
ясно жел 1 м/с, ОШ
479.23 534.96 5.16

Ізденгеннің ісі ілгері басады

9.08.2012, 18:00 133


«Юккор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Черемшанка ауылында ағаш өңдейтін жаңа кәсіпорынды салып, іске қосқанына төрт ай болыпты.

Серіктестік басшысы Евгения Бандурованың айтуынша, иелігіне берілген кәсіпорын салынатын ми батпағы көп бір гектар жерді екі жыл қатарынан жаз айларында топырақ пен тас төгіп, құрғату жұмыстарымен айналысқан.
«Өскемен пласт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы кәсіпорынның темір тіректі қаңқасын тұрғызып, қабырғалары мен төбесіне құрастырылмалы қаңылтыр материалдарды қолдана отырып, қысқа мерзім аралығында салып берген.

Қазіргі уақытта бұл кәсіпорында қайыңның бөренесін бірнеше станоктардан өткізіп, оқтаудай етіп өңделген діңгекті айналдыра қабыршықтап арши тіліп, фанера жасауда қолданылатын өте жұқа материал дайындайды. Ең алдымен тапсырыс берушілердің сұранысына қарай қабыршықтың ені мен ұзындығын қалыпқа келтіріп алып шығарады. Қалдықтардан күрек, айыр және басқа да құралдардың саптары жасалады.

– Біздің ауылдағы құс фабрикасының қаңтарулы тұрғанына біраз уақыт болып қалды. Қазіргі кезде құс өсірушілердің дені бос жүр. Солардың бірқатарын өзіміздің өндіріске жұмысқа тарттық. Бұл күндері кәсіпорында отызға тарта адам еңбек етіп жатыр, – деп Евгения Бандурова бізді осындағы жұмыс барысымен таныстырды.
Кәсіпорында күніне 10 текше метр ылғал қабыршықты дайындап шығарады. Содан кейін оны ашық аспан астындағы сөрелердің үстіне кептіруге қояды.

Жұмысшылар бұл жұмысты қара күштерімен істеп, дайын өнімдерді жедел өткізу бағытында уақыт ағымынан біршама ұтылып отыр.

– Жылдам кептіретін арнайы өндірістік қондырғыларды тез арада сатып алуды да қарастырып жатырмыз, – деп Евгения Бандурова алда тұрған жоспарлары туралы айтып берді.

Құрғату цехы салынғаннан кейін өндіріс ауқымы ұлғайып, қосымша жұмыс орындары ашылады. Серіктестік өзінің алдағы уақытта жүргізетін құрылыс жұмыстары үшін құмблок кірпіштер құйып шығаратын қондырғы сатып алды. Биыл өндірістік қойма және өз көліктерін қоятын жылы гараж құрылысын бастамақшы.

Өндіріске қажетті ағаштарды орманнан серіктестіктің 5-6 адамнан құралған бригадасы дайындайды. Олар ағашты кесіп, бұтақтап, тасымалдап жеткізу жұмыстарында қолданылатын техникаларды жаңалап, толықтыра түсу мүмкін-дігін де ескеріп отыр.

Қазіргі кезде бұл серіктестік фанера жасайтын Семей ағаш өңдеу зауытының, Зырян ауданындағы «Фаворит» жауап-кершілігі шектеулі серіктестігінің басшыларымен келісімшарт жасап, солардың тапсырыстарын орындап жатыр.

Равиль Құсайынов станоктардың пышақтарын қайрап, басқа да тетіктерін қадағалап, жұмыстың кідіріссіз әрі сапалы атқарылуына жетекшілік етіп жүр.

Жүргізушілер Андрей Камнев, Виктор Яншаров, тракторшы Бекболат Сәдібеков өздеріне бекітіліп берілген техникаларды күтіп ұстап, ынталарын сала жұмыс істеп жатыр.

Осы кәсіпорынның самырсын майын айыратын цехы да жұмыс істеп тұр.

Серіктестік басшылығы осы кәсіпорынды ашып, іске қосу үшін 30 миллион теңге өз қаржысын жұмсаған. Биыл «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы несие алып, өндіріс көлемін, еңбеккерлер санын көбейтуді ұйғарып отыр.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив