KZ
Өскемен
-1°
ясно жел 1 м/с, ОШ
479.23 534.96 5.16

Өскеменде Нельсон Манделаға арналған халықаралық көрме ашылды

5.08.2012, 18:00 142


Өскеменнің Сол жағалауында орналасқан Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи ландшафтық мұражай қорығының үлкен көрме павильонында «Оңтүстік Африканың келбеті» атты тақырыппен Нельсон Манделаға арналған халықаралық көрменің ашылу рәсімі болып өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Көрменің ашылу салтанатына облыс Әкімінің орынбасары Ермек Көшербаев пен Оңтүстік Африка Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Шириш М.Сони мырза қатысты.

Бұл көрменің жобасын жоғарыда Оңтүстік Африка Республикасының Қазақстандағы елшілігі мен облыстық мәдениет басқармасы және облыстық мұражай қорығының ұжымы бірлесіп даярлаған екен. Көрмеге Нобель сыйлығының лауреаты Нельсон Манделаның өмірбаянынан сыр шертетін суреттер, қазіргі Оңтүстік Африка Республикасының келбетін айшықтайтын фотосуреттер, сәндік-қолданбалы шығармашылық бұйымдар, балалар салған суреттер қойылған. Ерекше ұйымдастырылған көрме нәсілдік кемсітушілік үстемдік құрып тұрған шақтағы адам құқығы жолында күрескен белгілі саясаткердің өмірінен сыр шертеді.

Нельсон Мандела – Африка халқының аңызына айналған тұлға, оңтүстікафрикалық көрнекті мемлекеттік қайраткер. ОАР-дың қараөңді тұңғыш президенті. Бұл қызметті 1994 - 1999 жылдар аралығында атқарған. Нобель сыйлығының бейбітшілік жолындағы лауреаты, нәсілдік кемсітушілікке қарсы күрескер тұлға.

Адамзат алдындағы сіңірген еңбегі үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы оның туған күні 18 шілдені – Мандела күні деп жариялаған. Әлемнің көпшілік елдерінде маусым, шілде айларында қайраткердің құрметіне Мандела айы аталып өтіледі. Биыл Нельсон Мандела 94 жасқа толмақ.

Көрменің ашылуында сөз алған облыс Әкімінің орынбасары Ермек Көшербаев ұйымдастырылған көрменің маңыздылығына тоқталып, әлемдегі бейбітшіліктің салтанат құрып тұруына бағытталып, қолға алынып жатқан шаралардың екі мемлекетте де ұқсас екендігін атап өтті. Оның нақты мысалдарын көрмеге қойылған балалар шығармашылығынан да еркін аңғаруға болатындығын жеткізді.

– Әлемнің көптеген елдерінде шілде айы Нельсон Мандела айы ретінде аталып өтеді. Ол өзінің өмірінің 67 жылын қоғамға қызмет етуге арнады, ол бүкіл адамзат үшін лайықты өмір құруға ұмтылды. Биылдан бастап Мандела айы Қазақстанда да аталып өтетін болады. Бұған Қазақстан Республикасының Үкіметі үлкен мән беріп отыр және ауқымды шараларды жоспарлауда. Бүгін сондай үлкен шараның бірі Шығыс Қазақстанда басталып отыр. Үлкен көрме ұйымдастырылуда. Ол үшін облыс Әкіміне, оның орынбасарларына, облыстық мәдениет басқармасына және облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи ландшафтық мұражай қорығының басшысы Николай Зайцевке, оның ұжымына ерекше ризашылығымды білдіргім келеді. Бұл жоба осындай бірлескен әріптестікте жүзеге асып отыр. Мұндай жобалар екі ел арасындағы экономикалық және мәдени байланыстарды нығайта түседі. Биыл біз үшін есте қалар ерекше жыл болмақ. Себебі, Оңтүстік Африка Респуб-ликасына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ жұмыс сапары жоспарлануда. Қазақстанды және оның халқын Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен құттықтаймын, – деді өз кезегінде сөз алған Оңтүстік Африка Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Шириш М.Сони мырза.

Салтанатты жиыннан соң қала тұрғындары мен қонақтары мәртебелі меймандармен бірге көрмені тамашалады.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив