KZ
Өскемен
пасмурно жел 4 м/с, СБ
487.42 531.39 5.04

Шығыс Қазақстанда халықаралық ядролық отын банк құрылады

9.07.2012, 18:00 159


«Үлбі металлургия зауыты» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Юрий Шахворостов пен оның орынбасары Александр Гагарин МАГАТЭ-нің төмен деңгейде байытылған уран банк туралы бұқаралық ақпарат құрал-дарының өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды Altaynews.kz меншікті тілшісі.

– Өскемен қаласы тұрғындары, экологтар, жалпы жұртшылық өз тараптарынан ядролық отын банк мәселесіне айрықша назар аударып отыр. Азаматтар бұл мәселе туралы барлық ақпараттарды білуге заңды түрде құқығы бар. Осыған орай ел ішінде біршама түсіндіру жұмыстары да жүргізіліп жатыр, – деп бастады сөзін баспасөз мәслихатында Юрий Шахворостов.

Басқарма төрағасының айтуынша, қазіргі уақытта көптеген мемлекеттер электр энергиясымен қамтамасыз етудің мүмкіндігін атом энергетикасымен түбегейлі байланыстырып, дамытуды көздеп отыр. Ядролық отын өздігінен қауіпті емес. Алайда, атом бомбасының негізі болып табылатын жоғары байытылған уран мен плутоний жасау үшін қолданылуы мүмкін. Сондықтан МАГАТЭ ядролық материалдарды таратуды және пайдаланылуын, сонымен қатар жоғарыда айтылған технологияны тек өзі ғана бақылайды.

2006 жылы ядролық материалдарды таратпау мәселесіне байланысты Халықаралық атом энергетикасы жөніндегі агенттікте төмен деңгейде байытылған уран банкін құру қолға алынды. Бұдан былай осы агенттікке мүше мемлекеттердің атом стансаларына ядролық отынды кепілді жеткізуді қамтамасыз етуді іске асырады. Халықаралық сертификатталған стандартты контейнерлерде 60 тоннаға дейін төмен деңгейде байытылған уран Өскеменде сақталатын көрінеді. Ядролық материал МАГАТЭ иелігінде болады.

Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ ядролық қаруды таратпау және қарусыздандыру саясатын негізге ала отырып, 2009 жылы ядролық отын банкісін Қазақстан аумағында орналастыру жөнінде бастама көтерген. Өз аумағында төмен деңгейде байытылған уранды орналастыруға бірнеше мемлекет өтінім берген. Ядролық отын банкін сақтауға ниет білдіруші елдердің ұстанымдарын қарастыра келіп, МАГАТЭ отын банкі ядролық қаруы жоқ және халықаралық агенттік инспекторлары емін-еркін кіре алатын, толығымен ашық елде орналастырылуы тиіс деген факторды ескерді.

Ядролық отын банкісін орналастыру үшін Қазақстан МАГАТЭ-нің назарына мамандандырылған өндірістік инфра-құрылымы және төмен деңгейде байытылған уран банкісінің қорларын сақтауды қамтамасыз ететін білікті мамандары бар «Үлбі металлургия зауыты» АҚ алаңын ұсынды. 2011 жылдың қараша айында МАГАТЭ сарапшыларының техникалық тобы Үлбі металлургиялық зауытының алаңын таңдап алды. Қазіргі кезде тиісті елдік келісім әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Аталған жоба ядролық қаруды таратпау міндетін шешуге қосқан қазақстандықтардың елеулі үлесі болып табылады.

Зауытта уақыт сынағынан өткен нормативтен артық шығарылымның жоқтығына кепілдік беретін экологиялық қауіпсіздіктің тиімділігі жоғары жүйесі жұмыс істейді.
1995 жылдан бастап, кәсіпорынның ядролық материалдармен жүргізген барлық жұмысы МАГАТЭ инспекторларының толық бақылауында болды. Кәсіпорынның инфрақұрылымы осы халықаралық ұйымның стандарттарына сай келеді және ядролық материалдарды қауіпсіз сақтауды қамтамасыз етуге дайын. Төмен деңгейде байытылған уранды сақтау үшін қолданыстағы қойманың бір бөлігі беріледі.

Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы мен МАГАТЭ арасында төмен деңгейде байытылған уран банкін сақтау туралы келісімнің жобасы бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Келісімге 2012 жылдың соңына таман қол қойылу мүмкіндігі қарастырылған.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив