KZ
Өскемен
+13°
ясно жел 1 м/с, С
479.23 534.96 5.16

Аты ғана емес, заты да Асыл еді...

5.06.2012, 18:00 176


Аудан орталығынан біздің ауылға жүргелі тұрған сары автобусқа үріп ауызға салғандай бір әдемі бойжеткен отырды. Тура хордың қызы дерсің өзі. Автобуста отырғандардың бәрі оған ауыздарын ашып, аңтарыла қарап қалды. Бір уақытта шыдай алмады білем, Бәтіш апа оны сөзге тартты.

– Шырағым, атың кім? Біздің ауылда туыстарың бар ма? Кімнің үйіне қыдырып бара жатырсың?

Қысылғаннан ба, бойжеткен қыздың жүзінде болмашы бір қы-зыл алау пайда болғанын байқа-дым.
– Атым – Асылзат. Сіздің ауыл-да туыстарым жоқ. Бала оқытуға бара жатырмын...
– Солай де, шырағым... Жұрт қалаға қашып жатса, сен ауылға бара жатырмын де...
Бәтіш апаның көңілі енді ғана орнына түскендей болды.

– Ауылда жақсы адамдар көп дейді…

Асылзаттың бұл сөзіне Бәтіш апа мырс етті. Содан кейін әңгіме ауанын басқа жаққа бұрған.

– Cүйегің кім болады?

– Туу, осы Бәтіш апа да қызық. Оның сүйегінің кім екенін қайтеді екен деп қоямын іштей... Әлде анау жасы отыздан асса да үйленбей жүрген кіші ұлына әйелдікке алып бермек ойы бар ма? Жүрегім су ете қалды біртүрлі. Сол сәт Асылзатты сұмдық аяп кеттім. Қиянда жатқан ауылға қалай қорықпай мұғалім боламын деп бара жатыр екен ол. Осындай сұлу қызға қаладағы немесе мынау аудан орталығындағы мектептен жұмыс табылмады ма? Десе де біздің мектепке шет тілінің мұғалімі керек. Қазір жұрт ағылшын тілін білмесең, далада қаласың деп жүр ғой. Ауылға келгеннен соң, мен Асылзатты ауылдың мектебіне ертіп апардым.

Мектепке Асылзат келгелі шынында да өміріміз өзгеріп сала берді. Ағылшын тілі деген шынында да қызық пән екен. Ешкім де, тіпті, жаман оқитын жүгірмектердің өзі ағылшын тілі сабағынан қалмауға тырысады. Ал Асылзат мұғалімнің жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі қандай десеңші. Бүлдіршін қыз балалардың бәрі өскенде Асылзат секілді болғымыз келетін. Әттең... Сол қыста көрші ауылдың бір жігіті Асылзатты ұрлап кетті. Асылзат өзі танымайтын, білмейтін бір жігіттің етегінен ұстапты. Бұл жайдың бізді біраз есеңгіретіп тастағаны да шындық. Ағылшын тілі пәні кабинетіне бас сұққан сайын сол бір асыл жанның бейнесі көлбеңдеп көз алдымызға келе қалатын. Ағылшын тілін жетік меңгерсек деген арманымыз да адыра қалды...

...Кейін мен аудан орталығынан Асылзатты кездейсоқ көріп қалдым. Оны сол бір аясы кең аялы жанарынан таныдым. Маскүнем күйеуден шаршағаны, қажығаны түрінен көрініп тұрды. Бірақ өзінің аты секілді оның заты да асыл екен. Балаларының болашағы үшін бар бейнетке көніп, шаңырағын шайқалтпай жүрген Асылзаттың соңынан көпке дейін қарап тұрдым...


Мейрамтай Иманғали





Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив