KZ
Өскемен
-2°
небольшая облачность жел 1,1 м/с, ОШ
479.23 534.96 5.16

Өнерлі отбасылар өнеге көрсетті

16.05.2012, 18:00 124


«Біз – Қазақстанның балаларымыз! Біз жаңа әлемде өмір сүреміз» бүкілқазақстандық акциясы мен «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының «Отан – отбасынан басталады» облыстық акциясының аясында «Мөлдір бұлақ-2012» облыстық шығармашылық фестивалі өтті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған музыка мектебінде өткен ақтық сынға аудандық және қалалық фестивальдерден оқ бойы озық шыққан 13 отбасы қатысты.

Оларға балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі департамент директоры Аркадий Исаев пен «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков құттықтау айтып, сәттілік тіледі.

Бесқарағайлық Құсмановтар, жармалық Әшімхановтар, Катон-Қарағайлық Құсаиновтар, риддерлік Васильевтер мен Мәжітовтер, семейлік Сейфуллиндер, өскемендік Сәбиевтер отбасы және тарбағатайлық Сәбитовтер әулеті өздерінің шығармашылық бағыты ретінде ән-күйді таңдаған екен. Ал абайлық Жұмабаевтар, зыряндық Лаптевтер, шемонаихалық Уфимцевтер отбасы сәндік-қолданбалы бағытты жанұялық қызығушылықтарына айналдырған. Ұландық Зиятхан әулеті болса аталған екі бағытты да қатар ұстаныпты.

Фестивальге қатысқан әрбір отбасының өзіндік ерекшеліктері болды. Мысалы, Риддерден келген отбасы түрлі халықтық аспаптарды меңгерген әмбебап оркестр ретінде дараланса, Өскеменнің намысын қорғаған Сәбиевтер ән мен биді қатар жоғары деңгейде дамытып отырған жанұя ретінде есте қалды.

Семейден келген отбасылық күй оркестрі болса домбыраны жанұялық құндылық ретінде құрметтейтіндерін көрсетіп бақты. Ал Тарбағатайдан ат терлетіп жеткен 12 адамнан тұратын «Ата-мұра» ансамбліне 25 жыл толып отырған жайы бар. Катон-Қарағай жерінен сынға түскен Құсаиновтар отбасының ұлы «әкеден өте туған» перзенттер екенін әуезді әндерімен дәлелдеп кетті.

Сайыс нәтижесінде Лаптевтер жанұясының сәндік-қолданбалы бұйымдары үшінші орынға лайық деп танылды. Екінші орын фестивальдегі ең жас Сәбиевтер отбасына бұйырса, 1 орын Сәбитовтердің қанжығасында кетті. Фестивальдің бас жүлдесін ұлдары ән айтып, анасы мен қыздары ұлттық қолөнердің майын тамызған Зиятхан әулеті иеленді.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив