KZ
Өскемен
-2°
небольшая облачность жел 1,1 м/с, ОШ
479.23 534.96 5.16

Күршімде «Университет күні» өтті

16.05.2012, 18:00 133


№4 Күршім орта мектебінде өзгеше бір салтанатты да салиқалы жиын болып өтті. Бұрын хабардар болған ауданның бірқатар орта мектептерінен оқуды биыл бітіретін түлектер жиналып, осы кездесуді асыға күтті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ұстаздары мен студенттері Күршім ауданында «Университет күнін» өткізу үшін арнайы келді.

Университеттің стратегиялық даму мен ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, филология ғылымының докторы, профессор Б.Ердембеков өздері қызмет істеп жүрген 10 мыңға жуық студенті, 3 мыңға таяу ұстаздары мен қызметкерлері бар, Шығыстағы ең ірі жоғары оқу орны болып саналатын ШҚМУ туралы, оның қазіргі кездегі жағдай-ахуалы жайлы тартымды баяндама жасап, тыңдаушы қауым үшін аса маңызды мағлұматтарды ортаға салды.

Ол күршімдік түлектерді «ҚазМУ», «Еуразия» деп алысқа шапқыламай-ақ, өзіміздің ШҚМУ-ға оқуға түсуге шақырды. Осындай үндеу тастай отырып, Б.Ердембеков университеттегі профессорлар құрамының, дәріс беретін ұстаздардың, білім ордасы әлеуетінің өзге оқу орындарының ешқайсысынан да олқы түспейтінін көлденең тартып, өзіміздің облыс орталығында оқудың бірқатар артықшылықтарын тізбелеп өтті.

Бұдан кейін Бауыржан Аманкелдіұлы өздерінің құр қол келмегендерін құлаққағыс етіп, бүгінде ШҚМУ қабырғасында білім алып жатқан, үздік оқып, өздерін әркез жақсы қырларынан көрсетіп жүрген күршімдік түлектер үшін олардың ұстаздарына алғыс айтты. Алғыс айта тұрып, ол өздеріне білімді де тәрбиелі түлектер жіберген №4 Күршім, №1 Теректі, Қалжыр орта мектептерінің, Боран гимназиясының директорларына бағалы сыйлықтар табыс етіп, осы ауданнан барған 52 студенттің ата-аналарына университет ректоры Ескендіров Мейір Ғарифоллаұлының Алғыс хаттарын тапсырды.

Делегация құрамында Күршім ауданының түлегі, ШҚМУ профессоры, филология ғылымының докторы Құрманбаева Шынар да бар екен. Сондай-ақ, университет проректоры Сіләмбек Оразалин, доценттер И.В.Ровнякова, З.Даутова, магистр Б.Кәрменова, ғылым кандидаты Г.Садықова. ағылшын тілі кафедрасының мұғалімі С.Бейсенова, биология, физика кафедраларының аға ұстаздары Н.Қалиакперова, Л.Баймолдановалардың келуі бұл сапардың мәні мен маңызын арттыра түскені шындық.

Тамаша басқосу аяқталған соң өскемендіктер Күршім гимназиясына барып, онда байқау тест тапсырып жатқан №1, №2 Теректі орта мектептерінің оқушыларымен кездесті. Бұл кездесуде университет ұстаздары теректілік түлектерге көптеген ақыл-кеңестер беріп, қабылдау комиссиясының жұмысы жайлы әңгімелер айтты. Оқушылар тарапынан қойылған көптеген сауалдарға нақты да ұғынықты жауаптар қайтарды.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив