KZ
Өскемен
-2°
небольшая облачность жел 1,1 м/с, ОШ
479.23 534.96 5.16

ЖМК-да жеті жүз орындық қазақ мектебі салынады

15.05.2012, 18:00 170


Елімізде тілдерді дамыту бойынша нақты жұмыстар қолға алынып келеді. Облыста бұл тұрғыдағы шаруалардың жүйелі жүргізілуіне әртүрлі тақырыптарды қамтитын мемлекеттік және басқа да тілдерді одан әрі дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің берері көп. Кезекті кеңес отырысына облыс Әкімінің орынбасары Ермек Көшербаев қатысты, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Алқалы отырыстың күн тәртібінде негізінен «Мемлекеттік стандарт талаптарына сәйкес қазақ және орыс тілдері мұғалімдерінің біліктілігін арттырудың жағдайы туралы» және «Үздіксіз білім беру арқылы қазақ тілін оқытудың Өскемен қаласындағы жағдайы туралы» екі мәселе қаралды.

Алдыңғы мәселе бойынша сөз саптаған облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Думанғазы Арғынғазин нақты цифрларға сүйене сөйлеген.

– Биылғы жылдың қаңтарынан бастап, мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселесі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің құзырына ерекше алынып отыр. Соған орай республикалық ұлттық орталық құрылған болатын, біздің қаламызда осы орталықтың бөлімшесі ретінде «Өрлеу» орталығы жұмыс істеуде, – деді ол.

Басшының сөзіне қарағанда, бұрынғы мұғалімдер білімін көтеру институты базасында құрылған орталықта биыл 318 мұғалім үш айлық курста білімін көтерсе, І,ІІ санатты мұғалімдер екі апталық әртүрлі курстардан өткізілмек. Бұл жұмыстың негізді де толық қайтарымды болуына қаладағы Назарбаев зияткерлік мектебі жанында сәуір айынан бері іске кіріскен педагогтардың шеберлік орталығы нақты үлес қосады деген үміт бар. Ол жерде үстіміздегі жылы 150-ден астам мұғалім біліктіліктерін арттырмақ көрінеді. Осы тұста өңірде қазақ тілінде білім беретін мектептерде оқитын қазақ балаларымен қоса өзге ұлт өкілінің балаларының саны да өскенін тілге тиек еткен Д.Арғынғазин қазақ тілін тереңдетіп оқыту, түрлі байқаулар мен атаулы оқулар туралы жіліктей айта келіп, «әттеген-айларға» да тоқталды. Мәселен, ол – соңғы жылдары оқушылардың ҰБТ барысында қазақ тілінен көрсеткен көрсеткіштері 7-8 орыннан көтерілмей келе жатқаны, орыс мектептерінің денінде қазақ тілін тереңдетіп оқытатын сыныптардың жоқтығы. Өз баяндамасын алдағы жаңа оқу жылына дейін республикадағыдай оқу-әдістемелік кабинетін құру, оны мықты кадрлармен, материалдық-техникалық құралдармен жарақтау көзделініп отырғанын келтіре аяқтаған басшы көп шаруалар тындыру керектігін де әңгімеледі.

– Меніңше, мектепте оқыту әдістемесіне қарапайым ғана сөйлеу мәнерін де енгізу керек болар. Тағы бір мәселе: бізде қағаз жүзінде бәрі істелініп жатады, ал негізді нәтиже туралы олай деуге ертерек сияқты. Содан соң түрлі білім олимпиадаларында орын алған біраз оқушыларды тізбектемей, білім беруде жалпы жоғары деңгейді қамтуды да ескергеніміз жөн шығар, – деді осы тұста Ермек Көшербаев. – Сондықтан әр педагог, мейлі, ол қазақ тілінің, мейлі, орыс тілінің мұғалімі болсын, оқушыларға таза сөйлеуді, сауатты жазуды үйретуі қажет. Жалпы бірнеше тілдің қолданылу аясын кеңейтуді негізге алған дұрыс деп ойлаймын. Мәселен, «Ең жақсы сыйлық – кітап» дегенді, көптеген әдеби кітаптардың электронды нұсқасын оқытуды тәжірибеге енгізсе.

Облыс Әкімінің орынбасары бұл жұмыстармен қаладағы аймақтық жаңа технологиялар орталығы айналысса деген ұтымды пікірін де келтіріп өтті.
Отырыста екінші мәселе бойынша сөз алған Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Асқар Нұрғазиев алдағы жылы ЖМК ауданында 700 орындық қазақ мектебі салынатынын, биыл бірінші рет әртүрлі жастағы адамдар арасында тіл байқауы өткізілетінін, тобықтай түйін жасағанда, үздіксіз білім беру арқылы Өскеменде қазақ тілін оқытуды жетілдіру мақсатында біраз шаруа істеліп жатқанын баяндаған. Ол солай бола тұрса да, балабақшаларда тілді оқытудың қарапайым әдістері ғана пайдаланылатынын, мультимедиалық кабинеттер мен арнайы компьютерлік бағдарламалар жоқтың қасы екенін де жасырмады.

Үйлестіру кеңесінің отырысында оның мүшелері Ж.Әділбаев, Т.Жұмағұлов, Б.Ағажаева көтеріліп отырған мәселелерге қатысты өз пікірлерін білдірді.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив